Аптадағы маңызды жаңалықтар

Есілге лас су қайдан ағып жатыр?

 

 

 

Осыдан бір апта бұрын біздің редакциямызға Есіл өзенінің солтүстік жағалауы белгісіз бір сұйықтықпен ластанып жатыр деген хабар түскен болатын. Тоқтаусыз ағып жатқан бұл сұйықтықты су көзі деу қиын. Тұрғындардың айтуынша, түсі бірде сарғылт, бірде көк. Иісі мұрын жарады.

– Жел мына жаққа соққанда, жағымсыз иісі мұрын жарады. Ағып жатқан лайдың түсі де өзгеріп тұрады. Міне, бүгін қоңыр, ал кеше көгілдір болған. Бояғыш затты тастаған сияқты.

Осылайша ақ мұздың үстіне енді лас қабат жайылуда. Екі мұздың айырмашылығын сырт көзбен байқау қиын емес. Белгісіз сұйықтықтың қайдан ағып жатқандығын санитар мамандар мен табиғат сақшылары анықтауда. Бірақ еш нәтиже жоқ. Өзенді ластап жатқан лай су құдықтан шығып жатыр деген болжам болған. Бірақ экологтар бұрын тас жолдың астында жатқан жылу құбырынан бу шығатын дейді. Табиғат сақшылары жағымсыз көрініс алған аумақты 4 күн қатарынан зерттесе де, қалдық судың қайдан шығып жатқанын анықтай алмады. Қазіргі таңда аталмыш құдықтың беті жабылған.

Серік Мусин,  «Тазартқыш, су тартқыш және су өткізгіш ғимараттары» МКК экологы:
– 21,22,23 ақпан күндері біздің мамандар осы жерде күзет ұйымдастырды. Бірақ бұл кезде теледидардан ақпарат шыққаннан кейін заң бұзушылық байқалмады. 24 ақпан күні тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мемлекеттік мекемесінің мамандарымен қосылып,  біз осы құдықты темір-бетон плитамен жаптық. Енді  ағынды сулар бұл құдыққа құйылмайды.

Аумаққа келген санитар мамандар болса, бұл біздің шаруа емес деп ат тонын ала қашты.