Бизнес және экономика

Халықты әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерімен кездесу



 

Үстіміздегі жылы «Жұмыспен қамту- 2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы үшін өңірімізге 3 млрд теңге қаражат бөлінбек. Берілетін несиенің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артады. 496 адамның еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне жағдай жасалады.

Асқар Сақыпкереев, СҚО халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы:
Барлық бағыттар бойынша қолдауды қажет ететін тұрғындардың тізімі жасалуда. Биыл бағдарламаның 4-ші бағытының жүзеге асырылатындығы қуантады. Бұл елді мекендердегі әлеуметтік инфрақұрылымдарды жөндеу және қалпына келтіру. Ол үшін өңірімізге 460 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Әзірге 36 жоба бойынша жұмыс жүргізу жоспарда бар.  

Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі мүгедек жандардың жағдайын да сұрап білді. Сондай-ақ арнайы мекемелер тұрғындарды жаңа кәсіпке үйретумен ғана шектелмеуі қажет дейді.

 Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
– Кәсіби оқуды тәмамдаған азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтылуын қадағалауымыз қажет. Әлеуметтік келісімшарттар жасап, әр аудан мен ауылдарда тұрғындармен жүздесіп, жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасаған жөн.  

Ведомство басшысы аудандық жұмыспен қамту орталықтарының атқарған шаруаларымен де танысты. Тайынша ауданындағы орталық директоры аталмыш бағдарлама өз жемісін беруде дейді. Өткен жылы ауданда 53 әлеуметтік жұмыс орны құрылған. 3 млн 575 мың теңге көлеміндегі қаражат толығымен игеріліпті.

 Сәуле Жәкенова, Тайынша аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:
– Ауданымызда бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 22 азамат өз оқуларын жалғастыруда. Құрылысшы, программист, механик, электрик мамандықтары зор сұранысқа ие. Сондай-ақ бағдарламаның екінші бағыты бойынша 36 кәсіпкер арнайы курстардан өтпек. Және 16 жанұяға арналған 4 үйдің құрылысы жоспарлануда.  

Жиынға қатысқан облыс әкімі Серік Біләлов аталмыш бағдарламаның біздің аймақ үшін ерекше маңызды екендігін атап өтті.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Бұл бағдарлама біздің өңіріміз үшін өте маңызды. Өйткені облыс тұрғындарының 70 пайызға жуығы ауылдарда тұрады. Биыл да жақсы нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенімдімін.  

Сондықтан аймақта бағдарламаның төрт бағыты бойынша да белсенді жұмыс жоспарланған.

Инеш Шоқақова