Аптадағы маңызды жаңалықтар

Шал ақын және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар әкімдерінің есепті кездесулері

 

 

2011 жылы  Шал ақын ауданы әкімінің есептік кездесуінде 20 өтініш түсіп, оның 19-ы шешімін тапқан. Тек Кеңес ауылын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілмеген. «Жұмыспен қамту- 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1200- ге жуық адам еңбекке тартылған. Жиында Ақанбарақ орта мектебінің 19 ұстазы қол қойған шағым хат та қаралды. Ақанбарақ орта мектебін   тексеру аудан прокуроры Думан Еспенбетовке жүктелді. Аймақ басшысы кемшілікті жоюға бір апта берді. Мұнымен қоса облыстық білім беру басқармасына мектепті аттестациядан өткізуді тапсырды.
  
Серік Біләлов жергілікті басшыларға аудан орталығындағы шіркеу құрылысын аяқтауды тапсырды. Қазіргі таңда онда ішкі әрлеу жұмыстары қалған.  Серік Біләлов Сергеевка қаласы басшылығының жұмысын қатаң сынға алды. Көшелерде тұрмыстық қалдықтар салатын жәшік атымен жоқ. Жол тазалайтын арнайы техника өз мақсатына пайдаланылмайтын көрінеді. Мұнымен қоса ауданда  бір-ақ  коммуналдық кәсіпорын бар. Техника жетіспейді. Орталық аудандық ауруханаға 10 дәрігер қажет. Облыс әкімі осы бағыттағы жұмысты қолға алуды қадып айтты.  Биыл Сергеевка – Кривощеково-Афанасьевка жолын қалпына келтіру үшін 23 миллион теңге көлімінде қаражат бөлінбек. Ал «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламысы аясында 10 үйдің құрылысы аяқталып, биыл тағы осыншасы бой түземек. Биыл облыстық «Ақ бидай» ойындары Шал ақын ауданында өтпек. Бұл ретте орталық стадионды күрделі жөндеуден өткізуге 35 миллион теңге қарастырылып отыр.  

Бұдан соң аймақ басшысы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға ат басын тіреді. Мұнда өңір жетекшісі «Аква – Л» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жай- күймен танысып, жоғары бағасын берді. Бүгінде мұнда 26 адам еңбекпен қамтылған. Алдағы уақытта жұмысшылар санын арттыруды жоспарлап отыр, басшылық.

Александр Лугинин, «Аква Л» ЖШС бас директоры:

-Кәсіпорынды ашу осыдан 1,5 жыл бұрын ойымда болған. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында барлығы жүзеге асырылды. «Даму» қоры үлкен көмек көрсетті. Несие алып, оған соңғы үлгідегі қондырғы сатып алдық. Бұрын ауданымыз суды Көкшетау қаласынан сатып алатын. Енді міне бізге де сұраныс бар.

Ауданда спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Әлеуметтік әріптестіктің арқасында 90 балаға шақталған «Жас барыс» күрес залы ашылған. Бүгінде мұнда Новоишим елді мекенінің балғындары балуандықтың қыр-сырын меңгереді.

Владимир Коваленко, «Раисовское» ЖШС директоры:

-Серіктестік басшысы ретінде мен ауданыма өз үлесімді қостым. 1 миллион 400 мың теңге көлемінде қаражат бөлдім, күрес залына қажетті құрал-жабдықтар алуға. Спорт саласын дамытуымыз қажет. Жақын арада бокс залын ашуда жоспарлап отырмыз.  

Самат Тасмағанбетов, «Вест» ЖШС жетекшісі: -Аудандық мәслихат депутаты ретінде мен де спорт нысанының ашылуына атсалыстым. Бұл ауданның балғындарына тосын сый болды. Салауатты өмір салтын ұстанып, күреспен шұғылданамын дегендердің қатары қалың. Сондықтан осы саланы мықтап қолға алып отырмыз.  

 «Айгөлек» балабақшасы желтоқсан айында ашылған. 75 балаға шақталған мектепке дейінгі білім беретін мекеме қажетті құрал- жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. «Балапан» бағдарламасының аясында бой түзеген нысанды аралаған Серік Біләлов тындырылған істерге оң бағасын берді.

Серік Алтаев, аудандық білім бөлімінің бастығы:

-Көп уақыт бойы тұрған үйдің бірінші қабатына жөндеу жұмыстарын жасап, балабақша аштық. Материалдық -техникалық база толықтай жаңартылды. Еш мәселе жоқ. Биылғы жылы мектепке дейінгі оқытумен және тәрбиемен қамтуды 90 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз.  

Облыс әкім Серік Біләлов Марат Тасмағанбетовтың есептік кездесуіне қатысты. Ауылдықтарды электр энергиясы тарифінің өсуі алаңдатып отыр. Бүгінде Ғабит Мүсірепов ауданын жарықпен көкшетаулық кәсіпорын қамтамасыз етуде. Аудан орталығында күрмеуі тарқамай жүрген  бір мәселе – қазақ тілінде білім беретін мектептің тапшылығы. Бүгінде сметалық құжаттар дайын. Алдағы уақытта жаңа білім ошағының құрылысы басталатын болады. Аймақ басшысы ауданда мал шаруашылығын дамыту қажеттігін атап өтті. Бұл кездесуде тұрғындар облыс және аудан әкіміне 20 шақты өтініш білдірді. Сұрақтардың барлығы бақылауда болмақ.

Гүлмира Шоқтыбаева