Аптадағы маңызды жаңалықтар

Республикалық ақпараттық-насихат тобы облыс активімен кездесті

 

 

Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауы – бұл ел дамуының бағдары. Бүгінде осы маңызды құжатта айқындалған мақсат-міндеттерді іске асыру тетіктері анықталды. Жалпыұлттық іс-қимыл жоспары дайын. Оның басты бағыттарына республикалық ақпараттық-үгіт тобының мүшелері жан-жақты тоқталды. Мемлекет басшысы айқындаған бірінші міндет – бұл халықты жұмыспен қамту. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова осы мақсатта атқарылуы тиіс маңызды жұмыстарды атап көрсетті.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
– Біз бір-бірімен байланысты бірнеше мақсатты шешуіміз қажет: бірінші “Жұмыспен қамту” бағдарламасын ауқымды іске асыру. Екінші бірқатар шаралардың негізінде жұмыс орындарын құру, еңбек ресурстарының сапасын сақтау және арттыру, ұлттық еңбек нарығын қорғауға және экономиканың жоғары білікті кадрларға деген қажеттілігін қанағаттандыру және халықтың табысын арттыру керек.

“Жұмыспен қамту -2020” бағдарламасы өткен жылы әзірленген болатын. Жоба сынақтан өтті. Енді бағдарламаны кең ауқымда жүзеге асыру міндеті тұр. Тиімділігін арттыру үшін бағдарламаның олқы тұстары биылғы жылы жетілдіріліпті. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Бағдарламаға қатысу үшін қажетті құжаттардың тізімін қысқарту қажет. Солтүстікқазақстандықтарды бұл мәселе қашан шешілетіні қызықтырды.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
-Алғашқы жылды саралай отыра, артық құжаттар жиналатынын байқадық. Сондықтан барлық ұсыныстарды ескере отыра, тиісті шешім қабылдадық. Жоба үш күн ішінде Үкімет қарауына түседі. Наурыз айының ортасына дейін бұл құжат қабылданады деп ойлаймын.  

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында аграрлық өңір тұрғындарының қызығушылығына ие болған бағыт – бұл ауыл шаруашылығын дамыту. Осы мақсатта алда тұрған маңызды міндеттерді ақпараттық үгіт тобының мүшесі Сақташ Хасенов сөз етті. Еліміздің аграрлық секторының экспорттық мүмкіндігі зор және инновацияларды енгізу үшін әлеуеті жоғары. Ендігі кезекте астық саласын құрылымдау, біртұтас астық холдингін құру және ет экспорттаудың әлеуетін дамыту міндеті қойылып отыр. Бұл орайда мал шаруашылығын дамытуға үлкен көңіл бөлу қажет.

Сақташ Хасенов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы :
-Бұл саланың әлеуеті өте зор. Оның үстіне мемлекет үлкен қолдау көрсетіп отыр. Әрине істі дөңгелетіп әкеткенше уақыт керек. Бірақ кейін кірісі де мол
болмақ. Бүгінде мал шаруашылығын дамытуға қажетті деңгейде көңіл бөлетін болсақ, оның экспорттық әлеуетін арттыруға болатынына көз жеткізіп отырмыз. Бұл ретте асыл тұқымды мал басын көбейтуге үлкен көңіл бөлу керек. Бұл бағытта облыста өткен жылы үлкен жұмыс тындырылыпты. Енді жалғастыру керек.

Кездесуде білім жүйесін дамытудағы маңызды мақсат-міндетттер де сөз болды.

Айымгүл Әбілева