Мәдениет

Қобызшылар Ресейден олжалы оралды

 

 

 

Айғаным Махамбетованы қыл қобыздың қоңыр сазы баурағанына 10 жыл болыпты. Сол уақыттан бері шекті аспаптың қыр-сырын меңгеруде. Ел деңгейіндегі талай байқаулардың жүлдегері қазақтың ұлттық өнерін әлемге танытуды алдына мақсат етіпті.   Жақында РФ Омбы қаласында өткен халықаралық фестивальде фортепианоның сүйемелдеуімен қобыз әсем үндесіп, Айғаным бас жүлде иегері атанды.

 Айғаным Махамбетова, байқау жеңімпазы:
-Әрине қобызды үйрену оңай емес. Ұзақ жыл жаттығып, ұстазымның көмегімен талай жетістіктерге жеттім. Алда үлкен жеңістер күтетініне сенімдімін.   

Көршілес елде өткен әуенді де әуезді шарада солтүстікқазақстандық өнерпаздар сыншыл қазылардың көңілінен шыға білді. Қобызшы Салтанат Байболова екінші орыннан көрінді. Дәл осы сында енді бір жерлестеріміз Әсел  Ермекова мен Ақерке Алтайқызы дипломант атанды. Жалпы өңіріміздегі қазақ ұлт аспаптар бөлімінің қобыз сыныбы табысты өнерлерімен танылып жүр. Өнер кешенінің үрлемелі аспаптар бөлімінің шәкірттері де байқаудан құр алақан қайтпады. Фагот, саксофон сындарында топ жарса, кларнет, гобойда еркін ойнайтындар үздік үштікті тұйықтады. Жалпы біздің өнерпаздар мыңнан артық сайыскерлердің арасында 10 бірдей жүлдеге ілігіп, оның үшеуі 1-ші дәрежелі дипломант атаныпты.

Жеңіс Ермұқанов