Қоғам

Өңірлерді дамыту – жалпыұлттық іс-қимыл жоспарының басым бағыттарының бірі

 

 

Еліміздің өсіп-өркендеуі үшін ең әуелі өңірлерді дамыту керек. Елбасы биылғы жолдауында осы мәселеге үлкен көңіл бөлді. Өткен жылы “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы әзірленді. Оның аясында алдағы жылдарға ауқымды жұмыс жоспарланған. Үстіміздегі жылы бағдарламаны жүзеге асыруға ел көлемінде 32-33 млрд.теңге шамасында қаражат қарастырылып отыр. Өңірлердің инженерлік инфрақұрылымын дамытуға айырықша назар аударылмақ. Бұл мақсатқа биыл 14 млрд. теңге бөлінген. Тағы бір маңызды жайт – елді мекендерді көркейту.

Асқар Қалиев, ҚР экономикалық даму және сауда министрлігінің өңірлік даму комитетінің төрағасы:
-Бұл жоба “Жұмысмен қамту- 2020” бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Үстіміздегі жылы бұл мақсатқа 10 млрд. теңге бөлініп отыр. Солтүстік Қазақстан облысына 460 млн теңге қарастырылған. Бұл бағдарлама екі маңызды міндетті шешеді : біріншіден ауылдарды көркейтеміз, мұнымен қатар жұмыспен қамту мәселесі шешіледі. Бұған қоса елді мекендерге инфрақұрылым тартылады.  

Іс-қимыл жоспарында шағын қалаларды дамыту жағы да қарастырылған. Мемлекет басшысы арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Бүгінде еліміз бойынша 27 шағын қала анықталыпты. Біздің облыста моноқала жоқ. Кездесуде Асқар Қалиев солтүстікқазақстандықтардың сұрақтарына жауап берді. Депутаттарды бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталатын қаржыны өңірлерге бөлу механизмі қызықтырды.

Александр Казанцев, қалалық мәслихат депутаты:
– Инфрақұрылымды дамытуға қаражат бөлініп отырғаны қуантады. Жаңа өз сөзіңізде 14 млрд. теңге қарастырылып отыр дедіңіз. Бұл қаражат өңірлерге қалай бөлінеді? Бір облысқа аз, екіншісіне көп дегендей мәселе туындамай ма? Біздің облыстың үлесі қандай?

Асқар Қалиев, ҚР экономикалық даму және сауда министрлігінің өңірлік даму комитетінің төрағасы:
-Әр өңірге 1 млрд. теңге шамасында бөлінеді. Белгілі бір облысқа басымдық берілмейді. Айту керек, бұл қаражат тек биылғы жылға ғана бөлініп отыр.
Алдағы жылы да бұл мақсатқа қаржы бөлінетін болады.

Мұнымен қатар кездесуге келгендер “Өңірлерді дамыту” бағдарламасына қандай жобалар енгізілетінін сұрастырды. Асқар Қалиев бірінші кезектегі мәселелерді шешетін, әрі салалық бағдарламаларда қарастырылмаған жобаларға басымдық берілетінін жеткізді.

Айымгүл Әбілева