Билік

Облыс орталығы әкімінің төртінші есепті кездесуі

 

 

Бұл Болат Жұмабековтың тұрғындар алдындағы төртінші есепті жиыны. Ең алдымен қала әкімі өткен жылғы кездесуде айтылған ескертпелер мен өтініш-тілектердің орындалуына тоқталды. Былтырғы есепті жиында көтерілген елу тоғыз мәселенің елу төрті шешімін тапқан. Кірпішті, Былғары зауыты, Заречный, Ойқала аудандары тұрғындарының өтінішімен кәріздік желілер тазартылып, көшелер жарықтандырылыпты, қоқыс шығарылған. Біраз жолдар жөнделіпті. Ал орындалмай қалған бес өтініш   биылғы жылдың жоспарына енгізіліп отыр.

  Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
-Үстімідегі жылы көшелерді жөндеуге жоба-сметалық құжат әзірленеді. Мүсірепов, Уәлиханов, Рига көшелеріндегі аяқжолдарда , «Казахстанская правда» көшесіндегі кәріздік желіде жөндеу жүргізілмеді. Челюскин көшесінде қосымша колонка орнату үшін 80 метр су құбырын төсеу керек. Тиісті құжаттар үстіміздегі жылы дайындалады.  

Бұл жолғы кездесуге де тұрғындар түрлі проблемаларын арқалап келген. Халықтың билікке жеткізер мәселесі жетерлік. Өтініш-тілектердің біразы жол жөндеуге қатысты. Көктем келіп, қар ерісімен жағдайымыз мүшкіл болмақ деп шағымданды Заречный, Кірпішті аудандарының тұрғындары. Ал Ойқала халқы қосымша автобус жіберуді сұрап отыр.

  Анна Краснова:
-Ойқаладан әскери институтқа баратын қосымша автобус сұраймыз. Бүгінгі күні біздің ауданнан жүретін автобустардың үшеуі де вокзал бағытында ғана қатынайды. Ал 19,20 шағын аудандарда жұмыс істейтін адамдар көп. Жету қиын.  

Бұл өтінішті ескереміз деді Болат Жұмабеков. Өткен жылдан қолға алынған тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына қатысты бірқатар түсініспеушіліктер туындаған. Интернационал көшесіндегі 4 үйдің тұрғындары шатырды жөндеп жатқан мердігердің жұмысына шағымданды.

Наталья Старова, “Шолпан”  ПИК ревизоры:
– Кім жөндеу жұмыстарының сапасына жауап беретінін білмейміз. Келісімшарт екі рет жасалды. Сұрақ көп, жетілдіретін тұсы көп. Смета бойынша 25 млн. теңге. Біз жөндеу жұмыстарының бағасы тым асырылған деп ойлаймыз. Мән-жайды анықтауды сұраймыз.

Болат Жұмабеков мәселенің мән-жайын анықтауға уәде берді. Үй аулаларын абаттандыру, аумақты қоқыстан тазарту, ескі ағаштарды кесу сияқты мәселелерді де көтерді тұрғындар.

 Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
-Жеке пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларымен кейін кездесуді ұсынамын. Есепті жиындар аяқталған соң, кесте жасаймыз. Сол бойынша кездесіп, барлық мәселелерді қарастырамыз.  

Жиында тұрғындар үйлеріне су мен кәріздік желі тартып, қыста қатып қалатын құдықтарға қатысты жағдайды шешу үшін шара қолдануды да сұрады. Болат Жұмабеков бірден ескертті: барлық өтініш-тілектер қаралады, бірақ бүкілін орындаймыз деген бос уәде берілмейді. Барлығы қаражат жағдайына келіп тіреледі. Басымдық түйіткілді мәселелерді шешуге берілмек. Ал өтініш-тілектері мен мұң-мұқтаждарын билікке жеткізген халық мұндай кездесулердің қажеттігін айтады. Қала әкімінің соңғы есептік кездесуі наурыздың біріне жоспарланған.

Айымгүл Әбілева