Қоғам

Еңбек министрі Есіл, Қызылжар аудандарын аралады

 

 

 

Республикалық ақпараттық-насихат тобының мақстаы  “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасын кеңінен насихаттау. Облыс әкімі Серік Біләлов министрді өңірімізде бұл бағытта атқарылып жатқан тың шаруалармен таныстырды. Министр алдымен Есіл және Қызылжар аудандарын аралап халықпен кездесті.

Алдымен Гүлшара Әбдіқалықова Есіл ауданына қарасты Петровка елді мекеніндегі кәсіптік лицейде болды. Білім ошағында 5 мамандық бойынша 291 шәкірт кәсіп меңгеруде. Оқушылар жасаған қолөнер бұйымдарын тамашалап, оқу сыныптарын аралаған министр нарықта үлкен сұранысқа ие мамандықтарды сұрап білді. Мұнда тракторшы, комбайншы, жүргізушілерге сұраныс мол көрінеді. 
Ал Покровка ауылындағы Есіл аграрлық- техникалық институтында 651 студентке 8 мамандықтың қыр- сыры үйретіліп жатыр. Мұнда Гүлшара Әбдіхалықова бағдарлама аясында қолдауға іліккен аудан тұрғындарымен кездесті. Былтыр 1-ші бағыт бойынша   300 есілдік тұрақты еңбекпен қамтылыпты. Оның 28-і әлеуметтік жұмыс орнына тұрған. 50 адам қайта оқытылды.

Темірхан Сағиев, Есіл ауданының тұрғыны:
– Бағдарлама аясында мен К- 700 техникасын жүргізуді үйрендім. Бұл мамандық ауыл шаруашылығында аса қажет болғандықтан, жұмысқа орналасатыныма сенімдімін.  

Министр еңбекпен қамту бағдарламасының бірінші кезеңінде 1,5 мың солтүстікқазақстандық тұрақты табыс көзіне қол жеткізеді дейді.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
– Осы колледжге өзге ауылдардан қатынап оқып жатқан азаматтар бар. Стипендия, тұратын, жолға төлейтін қаржысын бөлек-бөлек дәлелдеу өте қиын. Сондықтан биылдан оның бәрі бір төлемге жатқызылады. Оқытып қаржы төлегеннен кейін соңына дейін жеткізіп, жұмыс орнын белгілеп, әрбір отбасында тұрақты кіріс болу мақсатын алға қоямыз.  

2011 жылы Есіл ауданының 11 тұрғыны жеке ісін дөңгелету үшін 3 млн теңгеге дейін шағын несие алыпты. Биыл мүмкіндікті пайдаланып қалуға 34 ауылдық дәмелі. Бұл мақсатқа 51 млн теңге қарастырылыпты. Зейнолла Сүлейменов құрметті еңбек демалысында. Ол тұрмысын жақсарту үшін несиені пайдаланып, 8 ірі қара сатып алған. Қаражат мал азығына да жетті. Болашақта ол асыл тұқымды зеңгі баба төлдерін көбейтуді жоспарлап отыр.

Зейнолла Сүлейменов, Есіл ауданының тұрғыны:
Биыл микрокредит алдым 1,5 млн. Сол кредитке мал алып, асырап жұмыс істеп жатырмыз. Ендігі айтарым қолдану керек деп үгіттеймін ауылдықтарды. Өте тиімді. Үлкен шаруашылықтан гөрі кіші шаруашылық тез алып кетеді.  

Жиналғандарды бағдарлама қатысушысы атану үшін алынатын кепілдіктің көлемі қызықтырды.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Алған малдың өзін кепілдікке салуға болады. Бірнеше адам бірігіп бірбірін кепілдікке алады да, сондай тиімді формамен жұмыс істеп кетуге болады. Көбі қиналатын болса, осындай жеңілдіктер бар. Осыны ауылдықтарға түсіндіру керек.

Жалпы облысымызда бұл ретте өткен жылы 100 адам 200 млн теңгенің несиесін алса, биыл қаражат үш есеге дейін көбейтіліп отыр.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
– 400 адам микрокредит алады. Қазір бірнеше ауылды көрдік, несие алып ісін бастап кеткендер бар. Тағы ұсыныстар түсіп жатыр. Бағдарлама тағы 4-ші бағытпен толықтырылды. Ол бойынша ауылдық жерлерде әлеуметтік обьектілер жөнделетін болады. Ол жұмыс орындарына оқу бітірген азаматтар жіберілетін болады.  

Кейін министр осы ауылда бағдарлама аясында ашылған техникалық бақылау орталығына соқты. Кәсіпкер Мыңайдар Садуақасов оны жетілдіруге бағдарламаның арқасында 3 млн теңге несие алыпты.
Сондай-ақ министр осы бағытта Қызылжар ауданында атқарылып жатқан істермен де таныс болды. Мұндағы “Жанбай” серіктестігінде 2011 жылы 10 жас маман өндірістік тәжірибеден өтіп қызметке орналасқан.

Василий Перкин, “Жанбай” ЖШС:
-Биыл шаруашылықтың іргесін кеңейтіп, 340 ірі қараға тағы 400 бас асыл тұқымды тайыншалар қосуды көздеп отырмыз. Етті сиырларды күтуге тағы 15 адамды жұмысқа аламыз. Негізінен бізде арнайы білімі бар ауыл жастары жұмыс істейді.  

Жұмыс сапарының барысында Гүлшара Әбдіқалықова Бескөл ауылындағы 280 орындық “Мирас” балабақшасының жұмысымен танысты.

Жеңіс Ермұқанов