Билік

Электрондық қызмет түрлері көбейеді

 

Мемлекеттік қызметтің сапасын көтеруді Елбасы биылғы Жолдауында жүктеді. Республика Президентінің бұл тапсырмасын іле-шала Үкімет орындауға кірісіп кетті. Көлік және коммуникация министрлігі іс-қимыл жоспарын әзірлеген. Сөйтіп, жыл аяғына дейін ауқымды жұмыс атқарылмақ. Бірінші кезекте Электронды үкімет жобасын барынша дамыту қажет. Өткен жылы әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтің 15 пайызы электронды форматқа көшірілген. Енді биылғы жылдың аяғына дейін бұл көрсеткішті 60 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Ал барлық лицензиялар толық электронды түрде берілетін болады. Тағы бір маңызы жайт – автокөліктерді тіркеу және жүргізуші куәліктерін беретін арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтары құрылмақ. Пилоттық жобалар Алматы, Астана, Қарағанды және Ақтау қалаларында жүзеге асады. Мемлекет басшысы айқындаған тағы бір маңызды міндет – тұрғындардың компьютерлік сауаттылығын арттыру. Бүгінде халықтың компьютерді меңгеру деңгейі 43,7 пайызды құрап отыр. Енді бұл көрсеткішті жыл аяғына дейін 50 пайызға жеткізу межеленген. Осы ретте Үкімет басшысы отырыс соңында жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Сонымен сәуірдің бірінен барлық лицензиялар электронды түрде беріледі. Ал жыл соңына дейін мемлекеттің рұқсат етушілік құжаттарының 80 пайызы электронды форматқа көшіріледі немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарында беріледі. Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарын құру бойынша жұмыс қолға алынуы тиіс. Ал бұл міндеттердің жергілікті жерде тиісті деңгейде орындалуын қатаң бақылау қажет.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Міндеттер айқын. Барлық іс-шаралар белгіленген. Тиісті қаржылық қолдау болады. Үкімет басшысының барлық тапсырмаларын орындауымыз қажет.  

Айымгүл Әбілева