ТКШ

Жертөлені су басып жатыр

 

 

Қыс  әлі аяқталған жоқ. Бірақ Тоқсан би мен Чайковский көшелерінің қиялысында су толассыз ағып жатыр. Алайда бұл қарды еріткен табиғат құбылысы емес. Кеше түнде осы маңдағы құбыр істен шығып, үйлерге баруы тиіс су, далаға кетуде. Қазір үйге жақындау мүмкін емес. Ал жертөлелердегі су деңгейі бірнеше сантиметрге көтерілген.

 Светлана Каргаполова, үй тұрғыны:
-Мен «Петропавл-су» қызметкерлеріне хабарласып, жертөлелерімізді су басып кеткенін айттым. Олар маған мәселені өздеріңіз шешіңіздер деді. Одан кейін әкімдікке хабарласқаннан кейін ғана апаттық қызметкерлерді шақырып алдық. Бүгінде үйімізде не су, не жарық жоқ.

Жертөледегі судың көтерілгені соншалықты, тіпті электр тұстамаларына да зақым келіпті. Сол себепті үйді жарықтан ажыратуға тура келген. Ал онда сақталған азық-түлік пен заттарды құтқару мүмкін болмай отыр.

 Иван Тюрин, үй тұрғыны:
-Таңертең жертөледен аккумулятор алуға барған күйеу балам суға түсіп кеткен. Бізге келіп, оның суға толып тұрғанын айтты. Бірден құтқару қызметіне хабарласа бастадық. Ал олар болса машина жоқтығын айтып,  жалтарды. Нешеде келгенін де білмеймін.

Құтқару бригадасы келіп, суды шығару жұмыстарына кірісіп  кетті. Тек тұрғындарды жертөлелерде сақталған дүние-мүліктерінің шығын болғаны алаңдатуда. Чайковский көшесінің тұрғындары неге сусыз қалды? Бұл сұраққа жауап алу үшін біз «Петропавл су» АҚ бас инженері Сергей Визеровпен хабарластық.

 Сергей Визеров, “Петропавл су” АҚ бас инженері:
-Чайковсий,19 мекен-жайында жер астында құбыр бұзылған.Соның кесірінен су жақын маңдағы үйдің жерөлесіне аққан. Бірден іс-шаралар қолданылып, қазір суды кейін қарай айдап жатыр.

Тот басқан ескі құбыр әрине ауыстыралды. Алайда тұрғындар үшін тағы бір мәселенің басы қылтияды. Ол құтқару қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтіретін жоспарсыз салынған гараждар. Оларды өз күшімізбен алып тастауға шамамыз келмейді дейді тұрғындар.

Светлана Шестак,  үй тұрғыны:
-Мына гараждар Тоқсан би көшесіндегі үйді тұрғызу кезінде кездейсоқ салынған. Онда бұл гараждар №21 мектеп жанында болған еді. Енді осында көшірді.
Бұл жерден жылу жолы да, жоғары вольтты электр сымдары да өтеді. Қарашадан бері мұнда үш құдық суға толды. Солардың бірінен су ағып жатса керек.  

Ал көктем келіп, жылғалардан су аққанда жағдай қандай болмақ? Дәл осындай оқиға қайталанбасына кім кепіл ? Сергей Визеровтың сөзіне қарағанда, гараждарды ауыстыру мәселесі қалалық әкімдікте шешіліп жатқан көрінеді. Таяу уақытта бұл жердегі қозғалысқа шектеу қойылмақ.

Әспет Әбдірешова