Мәдениет

Қысты шығарып салу мерекесі

 

 

Орталық алаңға сақылдаған сары аязды шығарып салып, көктемнің шуақты күндерін қарсы алуға жиылғандардың қатары қалың.  Масленица мерекесі христиандардың ауыз бекітуіне дейінгі дайындықтың жеті күні. Бұл кезде ел бір-бірін құттықтап, бұрынғы өкпе-реніштерін кешіреді екен. Осы күні орталық алаңға келген солтүстікқазақстандықтар үшін дастарқан жайылды. Әсіресе, мейрамның бас тағамы құймақтың иісі аңқып тұрды. Масленицаның құймағы  – шеңбер тәрізді, яғни күнді бейнелейді. Сондықтан ол көктем мен жылылықтың символы, мерекенің бұлжымас белгісі. Мұндай бейнеде пісірілген құймақ ежелгі салт бойынша күнге табынушылықты аңғартады екен. Ал қаламыздың шығармашылық ұжымдары әзірлеген концерт мерекенің ажарын аша түсті.

Аян Садаев, Петропавл қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы:
– Бүгінгі программамызда қаламыздың тұрғындарына  тегін құймақ, сондай тағамдарды береміз деп отырмыз. Сағат 3 кезінде қуыршақты жағу рәсімі болады. Ол мәдениет саябағында болады.

Мейрамды тойлауға келген жерлестеріміз түрлі спорттық ойындарда бағын сынай алды. Кейбіреулері биіктігі  9-10 метр  бағанаға шығып, өз ептіліктерін  байқады. Ал енді біреулері гір көтеру сынына қатысып, білек күштерін көрсетті.Бұл жерде халықтың көңілін көтеретін өзге де қызықты шаралар ұйымдастырылды

Асылбек Тоқбаев, Петропавл қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы:
– Биыл 2 жерде Масленица өткізіліп жатыр. Қалалық демалыс паркі жанында және орталық алаңда. 2 жерде де арқан тарту болады. Көңілді жарыстар болады: қаппен жүгіру, бөрененің үстінде аударысу, гір көтеру, қол күресі болады.

Масленица мерекесі қаһарлы қысты шығарып салуға келген азаматтардың көңілінен шықты.

-Мереке қайырлы болсын! Жақсы өтіп жатыр. Аманшылық, саулық болсын! Ыстық шай барлығы бар. Барлығы онды. Концерттері де онды.
-Көңіл-күйіміз жақсы. Құймақтар дәмді. Барлық тұрғындарды мерекемен құттықтаймын
-Бүгінгі мереке жақсы өтіп жатыр. Тегін тәттілер таратып жатыр.

Жарқындық пен жақсылыққа үндейтін осындай салт-дәстүрлерден кейін Масленица мерекесі аяқталады. Осылайша көңіл көтерудің жеті күні бітіп, жеті аптаға созылатын – христиандардың Ұлы оразасы басталды.

Айдана Демесінова