Билік

Қаланың шет аудандарында шешімін күткен мәселе аз емес

 

 

 

Медведев көшесі, 47 мекенжайындағы екі қабатты үйдің тұрғындары судың да сұрауы бар екенін жақсы біледі. Осымен екі ай баспана иелері тіршілік көзіне зәру.

Надежда Новикова:
– Маңайдағы барлық кәсіпорындарға су келіп тұр. Бұны қалай түсінуге болады. Ортада біз өз мәселемізбен жалғыз қалдық. Бармаған жеріміз, қақпаған есігіміз қалған жоқ. Түк нәтиже шықпады.

Аслан Сатин, «Петропавл су» АҚ  басшысы:

-Кошуков  көшесіндегі таза ауыз су желісі әбден тозды. Дәл жаңа жыл алдында істен шықты. Құбырлар жамауға келмейді. Жөндеу жұмыстарын тек күн жылысымен жасайтын боламыз.  

Бұл аталған үй тұрғындарын алаңдататын жалғыз мәселе емес. Аула жарықтандырылмаған, балалар алаңқайы да қарастырылмапты. Ағын су құйылатын канализация да жоқ. Жұмысшы кентінің тұрғындарын қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында жағылатын қоқыстың түтіні жиі мазалайды екен.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
-Еуропалық кәсіпкерлермен меморандумға қол қойдық. Олар тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін кәсіпорын ашуға ниетті. Бұл бағыт бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз.  

Бензострой, Жұмысшы кенті мен Вокзал аумағының тұрғындарын мазалайтын басқа да мәселелер жетерлік. Қоқыс жәшіктері жетіспейді, жолдар жөндеуді қажет етеді. Кәріздер мен суағарлар тазаланбайды, инженерлік желілерді жаңарту қажет. Әсіресе қаңғып жүрген иттердің қаптап кеткені алаңдатады.

 Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
– 9-шы ақпаннан далада бос жүрген иттерді аулау үшін байқау жариялаған болатынбыз. Астаналық кәсіпкерлер жеңді. Келісім жасадық. Жуық арада олар көшелерді қаңғып жүрген иттерден тазарту жұмысына кірісетін болады.

Облыс орталығының басшысы жиында қозғалған барлық  мәселелер мен ұсыныстар назарсыз қалмайтынын жеткізді.

Жеңіс Ермұқанов