Қылмыс

Аса ірі көлемде есірткі сатушылар ұсталды

 

 

 

Есірткі сату арқылы оңай олжаға кенелмек болған 20-25 жас аралығындағы 3 жігіт 19-шы шағын ауданда тәртіп сақшыларының қолына түсті. «Opel» және «Мерседес» автокөліктерінің жүргізушілері жолаушылар тасымалдаумен айналысқан сыңай танытып, көкнәр саудасын оң жолға қойып алыпты. Бұл жолы олардың жоспары жүзеге аспады.

Думан Омаров, Петропавл станциясы желілік ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары:
– Петропавл стансасындағы желілік ішкі істер бөліміне  бірнеше азаматтың есірткі саудасымен айналысатындығы жайлы хабар түскен. 1 айға жуық жүргізілген арнайы шаралардың арқасында бөлім қызметкерлері 3 азаматтың ізіне түскен. Оның 2-уі облыс орталығының , үшіншісі Тараз қаласының тұрғыны.  

Оқиға орнында күдіктілерден 1 жарым келі марихуана тәркіленіпті. Ал үйлерін тінту кезінде сезіктілердің аса ірі көлемдегі есірткі затын сақтағандары белгілі болды. Барлығы 10 келі 153 грамм марихуана  табылған. Нақты жұмыс орны жоқ күдіктілер бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған екен.

 Думан Омаров, Петропавл станциясы желілік ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары:
– Қазіргі таңда ҚР ҚК 259 бабының 3-ші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аса ірі көлемдегі есірткі заттарын саудалағандары үшін. Бұл қылмыстары үшін олар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.  

Бұл жыл басынан есірткі бизнесіне қатысты бөлім қызметкерлері ашқан 4-ші қылмыс.

Инеш Шоқақова