ТЖ

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шарасы



 

Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шаралары өз нәтижесін беруде. Оны әлемдік сарапшылар да мойындап отыр. Елбасы биылғы жолдауында парақорлықтың тамырына балта шабу үшін жаңа стратегия құру қажеттігіне баса назар аударды. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері бүгін осы тақырып төңірегінде ой бөлісті.

Қайрат Садықов, СҚО ТЖД бөлім бастығы:
-Төтенше жағдайлар департаменті азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарап, объектілерді тексереді. Сол кезде біздің қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа жол беруін алдын алу үшін осындай     жұмыстар жүргізіледі.  

Жиынға қаржы полициясының, салық департаментінің мамандары және «Нұр Отан» партиясының өкілдері қатысты. Олар жемқорлықпен күресу жолында жұмыс нәтижелі болуы үшін бірігу керектігін айтты.

Анар Жарова, СҚО экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің аға инспекторы:
-Бүгінгі жиында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне «Жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңды, ондағы жаңашылдықтарды баяндаймыз. Жалғыз құқық қорғау қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлықпен күресуі жеткіліксіз. Сондықтан барлық мемлекеттік органдар, түрлі мекемелердің қызметкерлеріне бұл жайлы толығырақ хабардар ету керек.

Осындай тақырыпта төтенше жадайлар департаментінде түрлі шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Өткен жылы бұл департамент қызметкерлері тарапынан бір де бір заң бұзушылық фактісі тіркелмеген. Құтқарушылар ағымдағы жылы да осы жолдан тамай, әріптестерінің адал қызмет ететініне үлкен үміт артып отыр.

Айгүл Әбдүлманова, СҚО ТЖД кадр жұмыс бөлімінің аға инженері:
– Бүгінгі өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы дөңгелек үстел біздің қызметкерлерге өте маңызды. Негізі біз барлығымыз мемлекеттік қызметкерміз. Сондықтан барлығымыз жабылып, жемқорлықпен күресу керек.

Жиынға қатысушылар қаржы полицейлеріне жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңға қатысты сұрақтарын қойды.

Айдана Демесінова