Билік

Өңір мұрағатшылары 2011 жылғы жұмысты қорытындылады



 

Құжатсыз тарих жоқ. Өткен жылы өңір мұрағаттарында сақталған бірқатар дерек көздерінің негізінде елдегі елеулі оқиғаларға байланысты көрмелер ұйымдастырылған-ды. Көрмелердің бірі бүгін облыстық әкімдікте жайылып, өңір басшысының назарына ұсынылды. Ал кеңесте өңір мұрағаттарының жұмысы түпкілікті қаралды. Осы күнге дейін облыс орталығы мен 8 аудандағы 10 мұрағаттың жеке ғимараты жоқ. Құжат сақтау мекемелері жалға алынған орындарда орналасқан.  М.Жұмабаев, Жамбыл және Тимирязев аудандарындағы мұрағат ғимараттары жөндеуді қажет етеді. Қазіргі жағдай мұрағаттардағы ұлттық қор құжаттарын сақтауға кері әсерін тигізуі мүмкін.

Рүстам Бекенев, СҚО мұрағаттар және құжаттандыру басқармасының бастығы:
– Компьютерлік техниканы жаңартатын уақыт келді. Мұрағаттардағы ұйымдастыру техникасы заман ағымынан кеш қалған, компьютерлердің модельдері ескірді. Сонымен қатар, жаңа ақпараттық жүйелерді пайдаланып, электрондық құжат алмасуға көшу керек. Бүгінде электрондық мұрағат қызметі Астана, Алматы, Өскемен,  Маңғыстау қалаларында көрсетіледі. .
 
Облыс әкімі басқарма бастығы көтерген мәселелерді шешуге септестетінін айтты. Дегенмен, бірқатар кемшіліктерге қарамастан, өткен жылы облыс мұрағаттары табысты еңбек еткен. Мұрағаттарға түсетін ұлттық қор құжаттарын сақтау мақсатында 18 мыңнан астам парақ реставрациядан өткен, 30 мың іс физика-химиялық және техникалық өңдеуге жіберіліпті. 3 жарым мыңға жуық фотоқұжат қалпына келтіріліп, өңіп кеткен 699 парақтың мәтіні қайта басылды. Мұрағаттардағы матриалдарды қайта қарау кезінде 1926-2006 жылдар аралығында шыққан 503 дана аса құнды құжат анықталыпты. Ақылы қызмет көрсетудің арқасында былтыр мұрағат қызметкерлері 20 млн теңге пайда тапқан. Бұл 2010 жылғы көрсеткіштен  1,7 есеге артық.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Тәуелсіздік жылдары облыстың мұрағат мекемелері өңіріміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми және мәдени қызметін айқындайтын құнды ақпаратты жинай алды. Өткен 2011 жылы мемлекеттік сақтауға 45 мың іс жіберілді. Бұл 2010 жылғы көрсеткіштен 10 пайызға артық.
 
Өткен жылы жүргізілген рейтингтік бағалау қорытындысына сәйкес  Қызылжар аудандық мұрағаты көш басына шыққан. Мемлекеттік мекемеде 1925 жылдан бергі құжаттар сақтаулы. Алайда, осы күні мұрағат жалға алынған мекемеде орналасқан.  Жыл сайын нысанды жалдауға аудандық мұрағат 1,5 млн теңге жұмсайтын көрінеді.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Бұл мәселені уақыт созбай шешу керек. Жалдың құны өте жоғары. Ал Бескөлде бос ғимарат табу қиын. Сондықтан  мұрағатқа жеке орын қарастыру керек. Ұсыныс әзірлеңіз.  
 
Петропавл қаласы мен Аққайың ауданы  жұмысты бағалау рейтингінде соңғы орындарда келеді. Облыс орталығындағы мұрағат директоры мұны өткен жылғы қоныс аударумен түсіндіріп отыр. Былтыр мекеме көшіп-қонуға байланысты 2 ай көлемінде тапсырыстарды қабылдамаған. Ал өткен жылы табысты қызмет еткен мұрағаттар бүгінгі жиында марапатқа ие болды. Рейтингтік бақылау бойынша алғашқы үштікке енген мекеме басшыларына көліктер табыс етілді. Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағаты рейтингке сәйкес үшінші орынға шыққан. Сонымен қатар бірқатар мұрағаттарға компьютерлер, принтерлер мен облыс әкімінің сыйақылары тарту етілді. Үстіміздегі жылы мұрағаттар ақылы қызметтер бойынша 30 млн теңге табыс алуды жоспарлап отыр.

Гүлмира Шоқтыбаева