Спорт

Гір көтерушілер ел чемпионатында екінші орынды еншіледі

 



Турнирге гір көтеру спортымен айналысып жүрген ер адамдар және қыздар қатысты. Облысымыздың намысын қорғауға жиыны 9 спортшы аттанған. Жалпыкомандалық есепте 2-орынды иеленген жерлестіріміздің әрқайсысы жүлделі орын үшін өз үлесін қосыпты.

 Андрей Глывяк, гір көтеру спортынан СҚО бас жаттықтырушысы:
– Аталмыш жарыс әлем чемпионатына іріктеу үшін өткізілді. Жарысқа Қазақстанның ең мықты деген командалары жиналды. Лайықты қарсыластар көп болды. Біздің спортшылардың бұл сында көрсеткен нәтижелері жаман емес.

Елена Костенко гір көтерумен 4 жылдан бері әуестеніп келеді. 68 келі салмақта өнер көрсеткен нәзік жан  бұл спорт додасында жекелей сында 1-ші орынға ие болған. Алғашында 16 келілік гірден бастаған ол бүгінде 24 келілік гірді көтереді.

Елена Костенко, гір көтеруден ҚР чемпионы:
– Басында осы спортқа келгенге дейін мен штанг көтеретінмін. Кейіннен жаттықтырушы гір спортымен айналысуға кеңес берді. Уақыт өте келе гір спорты қатты ұнады.
Өйткені мұнда бұлшық еттерің үнемі қозғалыста болады. Денең тартылып тұрады.

Ал Михаил Вологодский гір спортымен айналысқан 1,5 жыл ішінде жақсы нәтижелер көрсетіп үлгерген. Осымен Республикалық деңгейдегі додаға екінші рет қатысып, абсолютті чемпион атанып отыр. Бұл жарыста Михаил жоғары нәтиже көрсетіп, 66 рет гір көтерген. Өзгелерден оқ бойы алға шыққан ол мұндай жетістік тек табанды еңбектің арқасында ғана келеді дейді.

 Михаил Вологодский, гір көтеруден ҚР спорт шебері:
– Бұл спорт түрі өзіме қатты ұнайды. Болашақта Әлем чемпионы атанғым келеді. Алматыда өткен жарыста халықаралық дәрежедегі спорт шебері атану үшін маған гірді 1 рет көтеру ғана жетпей қалды.

Бүгінде спортшылар бағындырған жетістіктерін одан әрі арттыру мақсатында кезекті жаттығу үстінде. Оларды алда талай додалар күтіп тұр.

 Әспет Әбдірешова