Құқық қорғау органдары

30 мың рубль орнына 30 мың доллар

 

 

Өңір тұрғыны РФ Сочи қаласында тұратын ұлына 30 мың рубль жіберу үшін банк қызметіне жүгінген. Қаржы аударылымын жүзеге асыру үшін толтырылатын қағазда қаржыгер орыс ақшасының орнына АҚШ долларын көрсетіпті. Бұл олқылықтың нәтижесінде қолына тосын сый  – 30 мың доллар тиген ресейлік азамат ізін суытып, бүгінге дейін іздеуде жүр. Шешесімен де байланысқа шығудан қалған. Сот ісіне немқұрайлы қараған оператор құжат деректемелерін дұрыс толтырмағанын, ал бақылаушы кассаға төленген ақша аударылымының сәйкес еместігін аңғармағанын анықтап отыр. Сондықтан екі қызметкер де толық материалдық жауапкершілік жөнінде келісімге тұрғызылды. Ал жергілікті банк тұтынушысы 30 мың доллар ақшаны қолына алмаған, тек банк қызметіне жүгініп, өз міндеттерін талапқа сай орындаған. Сол себепті, сот оны жауапкершіліктен босатуды жөн деп тапты. Нәтижесінде арыз жартылай қанағаттандырылып, шығынның орнын толтыру үшін әр айыпты 2.206.500 теңгеден өтеу керек деген үкім шығарылды. Алайда 2012 жылғы ақпанның 22-інде өткен облыстық соттың кассациялық алқа мәжілісінде материалдық жауапкершілік дұрыс тағайындалмаған деп шешілді. Жауапқа тартылғандар ақша аударылымын іске асыруда қаражатты қолға алмай, тек құжаттар толтырумен айналысқан. 30 мың рубль кассаға төленді. 30 мың доллар жөнелтілгенде де қолдарына алған жоқ. Бұл дәйектерге жүгінген сот іске қатысты қаржыгерлерді толық материалдық жауапкершіліке тартуға болмайды деген шешім шығарды. Жұмыс берушіге келтірілген залалды өтеу орта табыс мөлшеріне дейін қысқартылды.

Жеңіс Ермұқанов