ТКШ

Жасыл желекті жаңарту жұмысы жалғасуда



 

Жұмысшы кентінде тұрғызылғанына жарты ғасыр болған үйдің ауласында өскен терекке де сонша жыл. Ескірген теректің бұтақтары үй төбесіне иіліп, құлап  жатыр. Осыған байланысты баспана иелері шіріген ағашты кесуге «Коммунхоз» коммуналдық кәсіпорнына өтініш жазған.

Виктор Плаксин, үй тұрғыны:
– Әрине, теректерді кесуге қимайсың, бірақ бұл айналадығыларға өте қауіпті. Әрі, бұталар құлап, шатырды тесіп өтуде. Енді төбедегі қар еріп, үй ішіне су ағып жатыр.

Қаңтар айынан бері тұрғындардан түскен 70 аөттініш қаралған. Ағаш аралауды “Коммунхоз” кәсіпорнының арнайы жұмысшылар тобы атқарады. Күніне 7-8 ағаш кесеміз дейді коммуналдық кәсіпорын жұмысшысы Мұхаметқали Аяпбергенов.

Мұхаметқали Аяпбергенов,  «Коммунхоз» МКК ағаш кесушісі:
– Бұл ағаштар өте биік, сондықтан олардың бұталарын кесу өте қиын. Кейде биікке көтеретін құрал да жетпей жатады. Бірақ біз амалын тауып, ісімізді тындырамыз.

Негізінен ауруға шалдыққан ағаштар кесіледі. Шіріген бұтақтарынан құтылған ағаш жасарып, діні бекіп, жақсы өседі. Сыртқы түрі де әсемдене түседі. Жалпы жыл басынан бері 158 ағаш кесілді. Бұл жұмыстарға 1 млн теңге жұмсалған.

Андрей Немилостливый,  «Коммунхоз» МКК бас инженері:
-Ағаш кесуге ниет білдірушілер нақты кесетін ағашты, не бұталар өскен жерді көрсетіп өтініш жасайды. Өтінішті мамандар қарайды. Қажет деп тапқан жағдайда жергілікті бюджеттен ақша бөлініп рұқсат беріледі. Яғни қартайған немесе әлденеге бөгет болған ағашты кесуге еш кедергі жоқ, тек оны заң бойынша рәсімдеу керек.

Былтырғы жылы облыс орталығында 1 733  ағаш кесілсе, биыл 2000 -н аралау жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 9 млн теңге бөлінді.