Қоғам

Тәрбиеші-офицерлер жиыны

 

 

 

Ішкі әскердегі тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысты дұрыс ұйымдастырудың маңызы айырықша. Сондықтан бұл бағытқа әскерилер үлкен көңіл бөледі. Әскердің игі дәстүрі мен жауынгерлік жетістіктерін насихаттайтын тәрбие жұмысын кеңінен жүргізу қажет. Осы маңызды іске жауапты 50-ге жуық ішкі әскер офицерлері мен әскери полицейлер республикалық оқу-әдістемелік жиында бас қосты.

Ботагөз Рыспаева, ҚР ІІМ Ішкі әскерлер комитеті басқармасының аға офицері:
Бұл үлкен шара. Өйткені, тәрбие жұмысы біздің жұмыстағы маңызды бағыт. Жеке құрамның бойында,  әр сарбаздың бойына патриоттық сезім тәрбиелей алатын болсақ,сонда ғана өз міндеттерін абыроймен атқарады деп ойлаймыз.

Тәрбие жұмысына өз Жолдауында мемлекет басшысы да биыл айрықша назар аударды. Осы міндетті бағыт-бағдарға алған әскерилер оқу-әдістемелік жиынды Елбасының Жолдауын талқылаудан бастауды жөн көрген. Бұл құжат біздің болашақ өсуіміздің, өркендеуіміздің нақты бағдарламасы. Сондықтан мемлекет басшысы айқындап берген 10 бағыттың әрқайсысының мәні мен маңыздылығы жоғары дейді дөңгелек үстел басына жиналғандар.

Әбдусадық Ережепов, ҚР ІІМ ІӘ қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бойынша орынбасары:
– Мемлекет басшысының биылғы халыққа Жолдауы әдеттегіше Қазақтанның ағымдағы жыл мен болашаққа арналған мақсат міндеттерін анықтап берді. Елбасы он бағыт бойынша нақты міндеттер қойды. Әлбетте, бұл міндеттер мемлекеттің экономикалық жағдайын жақсартып, ел азаматтарының әл-ауқатын арттыруды көздейді.  

Білім беру жүйесін жаңғыртуда қойылған міндеттерді әскерилер орындауға әзір. Атап айтатын болсақ, биылғы жылдан әскери институтта оқыту үдерісіне кредиттік технология ендірілмек. Ал курсанттарға білім беріп, тәрбиелейтін оқытушылар біліктіліктерін арттыратын болады. Әскерилердің қызығушылығын тудырған Жолдаудағы тағы бір маңызды бағыт – бұл қолжетімді баспана мәселесі. Бүгінгі күні елімізде 5 мыңға жуық әскери қызметшінің өз баспанасы жоқ. Жаңа бағдарлама бұл мәселені оңтайлы шешеді деген үмітте олар.

Қайрат Жиынболов, ҚР ІІМ ІӘ 6638 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі бөлімшесінің бастығы, Өскемен қаласы:
Қолжетімді баспана жөнінде айтылды. Бұл бізді аса қуантты. Өйткені осы күні көптеген әсккрилерге баспана қажет. Арендалық тұрғын үйлер салынатын болады. Қызмет бабымен өзге өңірлерге барғанда үй болады деген сөз.  

Сонымен Елбасының Жолдауы әскери қызметшілерді де бей-жай қалдырмады. Олар құжаттың әрбір бағытын жан-жақты таразылап, салмақтады. Жалпы оқу-әдістемелік жиын үш күнге жалғаспақ. Оның барысында тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмысты тиімді ұйымдастыру, офицерлердің кәсіби біліктіліктерін арттыру тәрізді бірқатар мәселелер қаралатын болады.

Айымгүл Әбілева