Денсаулық сақтау

Медициналық қызмет сапасына шағымдану жиіледі

 

 

 

Денсаулық сақтау саласындағы бақылау департаменті азаматтарға қауіпсіз әрі сапалы медициналық қызметтің көрсетілуін қадағалау мақсатында өткен жылы 206 тексеріс жүргізген. Оның 99-ы медициналық қызметке, ал 38-і арнайы құрал-жабдықтардың сапасын бақылауға байланысты тағайындалған. Дегенмен, айтарлықтай олқылықтар табылмаған көрінеді.

Айгүл Рашева, «Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің СҚО бойынша департаменті» ММ директорының орынбасары:
– Өткен жылы медициналық қызметті бақылау бөлімі 40 субъектіні тексерістен өткізді.
Аудандық мекемелер де назардан тыс қалмады. Сондай-ақ қан қызметтерінің зертханалық диагностикасы мен облыстық психоневрологиялық диспансерді кешенді тексеру жұмыстары жүргізілді.  

Былтыр 2010 жылмен салыстырғанда тұрғындардың медициналық қызметтің сапасына шағымдануы 2,3 пайызға артыпты. Департамент директорының орынбасары Айгүл Рашева бұған ақпараттың қолжетімділігі мен тұрғындар сауаттылығының артуы әсерін тигізді дейді. Алайда шағымдардың 30 пайызы ғана негізді деп табылған.

Айгүл Рашева, «Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің СҚО бойынша департаменті» ММ директорының орынбасары:
Тексеру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде әкімшілік заңбұзушылықтарға байланысты 20 хаттама толтырылды. Жалпы сомасы – 584 мың 676 теңге. Сондай-ақ біз медициналық қызмет сапасына байланысты құзырлы органдарға 93 ақпарат жолдадық. Оның 55-і – медициналық мекемелердің басшыларына жіберілді. Сондай-ақ тегін дәрі-дәрмек алушылардың еш кедергісіз медициналық көмекке ие болуын қадағалаудамыз.

Департаменттегілер биыл да медициналық қызметкерлерді аттестациялаудан өткізу, денсаулық сақтау саласындағы құрал-жабдықтарды лицензиялау және тұрғындардың шағымдарын қарау жұмыстарын жалғастырмақ.

Инеш Шоқақова