Аптадағы маңызды жаңалықтар

Есілге лас су ағып жатыр

 

 

 

Өңірімізді тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін Есіл өзенінің солтүстік жағалауы белгісіз бір сұйықтықпен ластанып жатыр. Тоқтаусыз ағып жатқан сұйықтықты су деп айту қиын. Түсі сарғылт, иісі жағымсыз.  
Осылайша ақ мұздың үстінде лас қабат жайылуда. Екі мұздың айырмашылығын байқау қиын емес. Қалыңдығы да күн санап артып келеді.

Павел Антоненко, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушысы:
– Біз күнде таңертең студенттермен таза ауамен демалып, денсаулықты шыңдау үшін осы араға келіп шаңғы тебеміз. Қазір бұл орын салауаатты өмір салтын ұстануға жарамай қалды. Мына жерде шаңғы трассасы болған, енді лас мұздың астында қалды. Ауа бұзылды. Бұл мәселе тездетіп шешілмесе,  жағалауды түгел алып кететін түрі бар.

Маңайдағы балалар осы арада өздері жасап алған мұз айдыны болыпты. Биыл жаңа жыл келісімен жеткіншектер бұрын беті тегіс боп қататын жылтыр мұздың қызығын көруден қалған.

Виктор Бычков:

– Осыдан 1 ай бұрын сырғанақ теуіп жүргенде мұздың беті суланғанын байқадық. Судың келуі әлі тоқтаған жоқ. Иісі де жаман.  

Өңір тұтынушыларына жіберілетін таза ауыз суы Есілден алынатыны баршаға мәлім. Күн жылысымен еріген бұл лай су өзенге құйылады. Қоғамның денсаулығына  қауіп төндіріп тұрған қалдық судың қайдан шығып жатқаны беймәлім. Бүның жауабын іздеп ,жағымсыз көрініс орын алған аумақтың іргесіндегі “Коммунхоз” коммуналдық кәсіпорнының есігін қақтық. Мекеме басшысы бұған біздің қатысымыз жоқ деп ат-тонын ала қашты. Жағалаудағы дәмхана қызметкерлері де  мән-жайды  айтудан бас тартты. Санитар мамандар  сұйықтықтың құрамын зерттеп,  шара қолданамыз деп отыр. Тек айыптыларды іздеп табамыз деп уақыттан кеш қалмаса игі болар еді. Көктемнің жылы лебі болса жақындап қалды.

Жеңіс Ермұқанов