Қоғам

Бала тәрбиесі басты назарда

 

 

Семинарға бала тәрбиесіне тікелей қатысы бар деген қоғамдық ұйымдар өкілдері, ата-ана мен педагогтар қатысты. Бүгінгі таңда облыс бойынша ішкі істер органдарының қадағалауында 676 кәмелетке толмаған жасөспірім тіркелген. Өткен жылы оларға қатысты 144 қылмыстық іс қозғалыпты. Жиынға қатысушылар осы фактілерді назарға ала отырып, отбасы мен білім ошақтарында бала тәрбиесіне баса назар аудару керектігін алға тартты.

Владимир Литвиненко, балалардың құқығын қорғау департаментінің директоры:
Балалар құқығын қорғау департаменті жүргізген зерттеу көрсеткендей, бүгінде бала тәрбиесіне қатысты көптеген олқылықтар бар. Оның бәрі айналып келіп, отбасы мен бала арасында байланыстың жоқ екендігін көрсетеді. Мәселені  талқылау мақсатында осы семинарды ұйымдастырып отырмыз.

Зерттеулер көрсеткендей, бұрыс жолға түскен жастардың көпшілігі ата-аналары көңіл бөлмейтін отбасылардан шығады екен. Психолог мамандардың айтуынша, жанұядағы кикілжіңдерді әрқашан оңтайлы шешуге болады. Тек ол үшін көмек сұраудан тартынбау керек.

 Дмитрий Агапов, СҚО ІІД оқыту орталығының психология пәнінің оқытушысы:
-Әркімнің отбасындағы мәселесі әр түрлі. Дегенмен қандай жағдай болмасын оның түбегейлі шешімін табуға болады. Ол үшін ата-ана мен бала арасындағы кикілжіңнің түп тамырын анықтау керек.

Отбасында кездесетін түрлі түсініспеушіліктер баланың өз қатарластары арасында да тіл табыса алмауына алып келеді. Дұрыс тәрбие көрмеген бала өзін қоғамдық ортада қалай ұстау керектігінен де хабарсыз болмақ.

Амангелді Иманов, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ  психология кафедрасының меңгерушісі:
– Жастарды қоғамдық ортаға бейімдеу мәселесі алдыңғы қатарға шығып отыр. Олардың бойындағы қорқыныш пен өзіне деген сенімсіздікті жоюға әрқашан қолдау көрсетіп отырған дұрыс. Мұны ата- аналар да ойлауы керек.  

Бүгінде бала тәрбиесіне көңіл бөлмеген  39 адам ата-ана құқығынан айырылған.

Әспет Әбдірешова