Құқық қорғау органдары

Жол полициясының рейді

 

 

 

Жол полициясы басқармасының қызметкерлері кезекті рейд барысында жолаушы тасымалдайтын түрлі бағыттағы автобустарды тексеріске алды. Бүгінде қала бойынша барлығы 25 бағытта қоғамдық көлік қатынайды. Оның 10-ында  автобустар , 11 бағыт бойынша шағын автобустар қызмет көрсетеді. Тағы  4 бағыт бойынша троллейбустармен қатынауға болады. Қоғамдық тасымалдау қызметін көрсететін мекемелердің жалпы саны 9.

  Галина Семенова,  СҚО «Автотранспорт» қауымдастығының  төрайымы:
– «Автотранспорт» қауымдастығы осыдан екі жыл бұрын құрылған болатын. Жолаушыларға сапалы қызмет көрсету мақсатында қызмет істейміз. Яғни біздің тарапымыздан қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторларға түрлі ескертулер жасалады, олардың уақытымен жүруін, сондай-ақ, көліктің жай-күйін де қадағалап отырамыз.

Қоғамдық көлік жүргізушілерінің жол жүру ережесін қаншалықты сақтайтынын тексеру барысында бірнеше маршруттық бағыт таңдалды. Полицейлер бірден жол жүру ережесін бұзған алғашқы қоғамдық көлікті тоқтатты. 6-шы бағыттағы автобус жүргізушісі бағдаршамның қозғалысқа тыйым салатын белгісіне қарамастан, тоқтамай қиылыстан өте шыққан.

Дулат Байтұсов, жол полициясы жеке батальонының аға инспекторы:
Аталған автобус Интернационал-Батыр Баян көшелерінің қиылысында жол ережесін бұзды. Жүргізушілер тарапынан мұндай заң бұзушылықтар жиі кездеседі. Енді жол жүру ережесінің 463бабы бойынша оған 16183 теңге көлемінде айыппұл салынады.

Рейд барысында жүргізуші куәліктері мен жол ережесінің сақталуы ғана емес, сондай-ақ көліктердің техникалық жарақтандырылуы да тексерістен өтті. 25-бағыттағы  автобус жүргізушісіне 32 360 теңге   айыппұл салынды. Көліктің әйнегі жарық болып шықты. Барлығы жыл басынан осы санаттағы көлік жүргізушілері жіберген заң бұзушылықтар бойынша 150 әкімшілік хаттама толтырылыпты.

Сайлаубек Мусин, ЖПБ жеке батальон командирі:
Қоғамдық көліктер жолдардағы төтенше оқиғаларға жиі себепкер болады. Осы санаттағы жүргізушілер тарапынан кеткен қателіктердің салдарынан ауыр жол-көлік оқиғалары да орын алып жатады. Мұндай олқылықтардың алдын алу мақсатында жол полициясы басқармасы рейдтер өткізіп тұрады.

Бір қызығы, күнделікті автобустар мен маршруттық көліктердің қызметіне жүгінетін жолаушылар  қоғамдық көлік жүргізушілеріне айтарлықтай шағымдарын білдірген жоқ.  

 

Жүргізушілерге ешқандай шағымым жоқ. Автобустар да әр 15 минут сайын тиісті уақытында қатынайды.
Қоғамдық көлікпен жиі жүремін. Олардың қызметіне ешқандай шағымым жоқ. Тек кейде әйнектерінен ештеңе көрінбейтіндігі ыңғайсыздық тудырады.

Әспет Әбдірешова