Спорт

Владимир Эрман Лондон Олимпиадасына қатысады

 

 

Владимир Эрман – 27 жаста. 7 жыл бұрын тірек-қимыл жүйесі зақымданып, аяғын өздігінен басу қабілетінен айырылғанымен, қиындыққа мойымай жүзу спортына келді. Екі жылдың ішінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алды. Араға тағы бір жыл салып, ел чемпионы болды. Енді   жерлесімізді үлкен сын күтіп тұр. Ол Лондондағы Олимпиада ойындарынан кейін ұйымдастырылатын Параолимпиадалық сынға жолдама алды.

Владимир Эрман, мүгедектер спортының халықаралық дәрежедегі шебері:
-Қазақстан спартакиадасында жүлделі орынды жеңіп алғаннан бастап, осы спорт түріне ден қоя бастадым. Содан бері көптеген жарыстарға қатысып жүрмін.

Бұл лицензия жерлесімізге оңайлықпен тиген жоқ. Спортшы Біріккен Араб Әмірліктерінде мүгедектер арасында өткен Бүкіләлемдік ойында көзге түсті. Жүзу бойынша жарыстарда Владимир үш қашықтықтың барлығынан да медаль еншілеген. Халықаралық жарыс 9 спорт түрі бойынша өткізілді. Додаға 11 елдің спортшылары қатысты. Бұл жарыста ел намысын 29 спортшы қорғады. Олардың қатарында жүзгіштер мен жеңіл атлетшілер бар. Жарыс нәтижесі бойынша отандастарымыз үшінші орынға табан тіреді. Бірінші орында Қытай болса, Польша спортшылары күміс медальға қол жеткізді.

Владимир Эрман, мүгедектер спортының халықаралық дәрежедегі шебері:
– Мен онда чемпион атағы мен алтын медальды 100 метрлік қашықтықта малтудың ерекше түрі бойынша ұттым. Ал екі күміс медальды еркін стильмен 50 метр және арқамен 50 метр жүзуде иелендім.

Қазіргі таңда Владимир параолимпиадалық ойындарда жүзуден өңір намысын қорғайтын жалғыз спортшы. Суда өзін балықша сезінетін жерлесіміз СҚМУ бассейнінде күніне 1 сағаттан жаттығады.  Өмірге деген құлшынысы зор, берілген тапсырманы бұлжытпай орындайды дейді жаттықтырушы Дмитрий Гапотченко

Дмитрий Гапотченко, жаттықтырушы:
– Басқалар сияқты 50-100 метр қашықтықты жүзіп қана қоймайды, 200 метр, 400 метр деп тапсырма берсең, соны орындап шығады.  

Алдағы уақытта спортшы Қазақстан құрамасының қатарында Чехия, Дания және басқа елдердегі ірі халықаралық жарыстарға қатысуды жоспарлап отыр. Мұнда Владимир «А» тобының жоғары лицензиясын жеңіп алуға ниетті.