Билік

Петропавлдықтар көтерген мәселелер шешімін табуда

 

Болат Жұмабековтың есебін тыңдауға келгендердің қатары қалың болды. 2011 жылдың қорытындысы бойынша Петропавл жұртшылығы көтерген 401 мәселенің 378-і шешімін тауыпты. Ал осында жиылған тұрғындар былтыр қала басшылығына 51 ұсыныс жасаған. Соның 47-сі жүзеге асты. 26-сы абаттандыру жұмыстарына қатысты атқарылған: аялдамалар үнемі қоқыстан тазартылып тұрады, көшелердегі қарды сыртқа шығару жұмыстарының да сапасы жақсарған, бірқатар үйлердің кәріздік желілері мен құдықтары тазартылды. Алматы көшесінің бойында жарықтандыру жүйесі орнатылыпты. Сондай-ақ жол жөндеу де елеусіз қалмаған.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
– Мир, Чайковский, Горький көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жасалды. Абай, Шәжімбаев, Крепостная, Жұмабаев, Егемен Қазақстан, Есіл, 2-ші Первомай және Володар көшелеріндегі жолдар жөнделді.  

2011 жылы халықтан түскен 4 ұсыныс орындалмаған. Қала басшысы олардың ағымдағы жылы шешілетінін айтты. Есептен кейін кезек хаттарға тиді.

 Сұрақ:
– Копай көшесі қаланың орталығында тұр. Қалада жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, ал бізде әлі де қараңғы әрі көшелеріміз лас.
Жауап:

-2012 жылы көшелерде жарықтандыру жүйелерін орнатуды көздеп отырмыз. Оның ішінде Копай кенті де бар. Бұл үшін қала бойынша 200 млн теңгеге жуық қаржы қарастырылған.

Тұрғындарды жолды жөндеу, ауланы абаттандыру, балалар алаңын салу, тозған үйлерді жөндеу жұмыстары толғандырды. Зейнеткерлерге қоғамдық көліктерде тегін жүру құқығын беруді өтінген азаматтар да болды. Алайда қала әкімі бұл өтінішті қанағаттандыру әзірге қолынан келмейтіндігін айтты.
Қала тұрғыны Абай Галямовке ыстық суды 45 күнге жуық пайдаланбау жөніндегі ескерту келіпті. Бұл мәселені жерлесіміз жиында көтерді.

Абай Галямов:

– 35 жыл осы үйде тұрдық. Бұл үйде 16 пәтер бар. Мұндай проблема осыған дейін туындаған емес. Ыстық сусыз күніміз не болмақ?!


Боташ Хайнетов, Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы:
-Олар ыстық суды батарейлерден алады. Бар мәселе осыдан туындап отыр. Ал жылу желілерінің қызметкерлері суды магистральдан алуға тыйым салып отыр.  

Қала әкімі Болат Жұмабеков азаматтардың өтініштерінің барлығы назарсыз қалмайтындығына сөз берді.

Айдана Демесінова