Спорт

Облыстық бокс және кикбокс федерациясы 2011 жылды қорытындылады

 

Аққайыңдар өлкесінің топырағы түлетіп ұшырған сайыпқыран спортшы Жанат Жақиянов  – екі бірдей құрлықтың чемпиондық белдігін иемденген алғашқы солтүстікқазақстандық. Былғары қолғап шебері кәсіпқой боксшылар арасында дүбірлі додаларда облыс намысын асқақтатып қана қоймай әлемдік аренада жұлдыздай жарқырап, қазақ елінің көк туын желбіретіп, әнұранын әуелетіп жүр. Даңқты жерлесімізге есептік кездесуде облыс әкімінің атынан 1 млн теңгенің ақшалай сыйақысы табысталды.

Жанат Жақиянов, кәсіби бокстан Азия, Еуропа чемпионы:
-Өткен жыл мен үшін табысты болды. Швейцария елінде өткен кездесуде Еуропа чемпионы болдым. Кейін «Рики хартон» промоутерлік компаниясымен келісімге тұрдым. Биыл Азия, Еуропа чемпионы екендігімді туған қаламда тағы дәлелдедім. Алда енді Азия чемпионы болуға үлкен жұмыс жасау керек.  

Бүгінде өңірімізде  бокс пен кикбоксингтің қыр сырын меңгеріп, тынымсыз жаттығуға берілген жасөспірімдер мыңнан асып жығылады. Былтыр ғана былғары қолғап шеберлері ел деңгейіндегі жарыстарда топ жарып, әлем біріншілігінің шыңына көтеріле білді. Тәрбиеленушінің жеңісі – бапкерлердің жемісі. Дарынды жастарды жақсылап сайлап жүрген жаттықтырушылар аймақ басшысының алғыс хаттарымен марапатталды. Еңбектері еленгендердің қатарында бокстан аға жаттықтырушы Шайыбек Қарағазиев те бар.

 Шайыбек Қарағазиев, бокстан аға жаттықтырушы:
-Еңбек өтілімнің 30 жылдан астамын спорт залда жасөспірімдерді тәрбиелеуге жұмсадым. Өмірлік таңдауым, сүйікті ісіме жан-тәніммен берілген жанмын. Жас кезімде халықаралық спорт шебері дәрежесіне дейін жеткен едім. Кейін бапкерлікке ауыстым. Екі олимпиада қатысушысын, әлем біріншіліктерінің жүлдегерлерін жаттықтырдым. Мен үшін оқушымның жеңісі – басты баға.  

Бірқатар спорт жанашырлары облыстық бокс және  кикбокс федерациясы президентінің грамоталары мен спорттық жабдықтарға ие болды.  Жылды қорытындылаған кездесуде ауыл жастарын салауатты өмір салтына тарту жолдары да сөз болды.

Арман Жәмішев, бокс және кикбоксингтен жаттықтырушы, Мамлют ауданы:
-Ауыл спортына жақсы қолдау жасалады. Мамлют қаласында ғана 100-ге тарта оқушым бар. Нәтижелер де жаман емес. Ел чемпионаттарына қатысып, жүлдегер атанғандары бар. Спорттық жабдықтар жеткілікті.  

Бірақ өңір аудандарының бәрі бірдей бұндай жетістіктерімен мақтана алмайды. Шаршы алаңдағы жаттығулар тек 9 ауданда жақсы жолға қойылыпты. Бүгінде облысымыздағы 50 -ге тарта бапкердің тек 15-сі ғана кикбокстан тәлім береді. Жиынды қорытындылаған өңіріміздің бокс және кикбокс федерациясының президенті, облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров спорт басқармасы мен бапкерлерге бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Айдарбек Сапаров, СҚО бокс және кикбокс федерациясының президенті, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
-Барлық аудандарда бокс және кикбокс федерациясының бөлімшелерін ашу керек. Шеберлікті шыңдайтын жарыстар жиі өткізіліп
тұрсын. Бапкерлерді тартуды қолға алу керек. Тәуелсіздіктің 20 жылдығын жақсы жетістіктермен қарсы алған өңіріміздің майталман спортшылары егемендіктің үшінші онжылдығын да толағай жеңістермен ашады деп ойлаймын.  

Жеңіс Ермұқанов