Қылмыс

Дүкендерге қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды

Екі пысықай ұялы байланыс салонына, азық-түлік дүкені мен гүл дүңгіршігіне қарақшылық шабуыл жасаған. Сатушыларды тапанша және пышақ  кезеп  қорқытқан баукеспелер кассадағы ақшаны, төлем карталарын жымқырыпты. Сауда орнының иелеріне 220 мың теңге көлемінде шығын келтірген қос күдікті   20-ншы шағын ауданда ұсталды.

Қанат Сейтенов, Петропавл қалалық ІІБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы:

 

-Іздестіру барысында қарақшылық жасады деген күдікпен Петропавл қаласының екі тұрғыны ұсталды. Олар бұрын ауыр қылмыс үшін сотталған. Біреуі қарақшылық шабуыл жасаса, екіншісі ұрлық үшін жауапқа тартылған.  

Тексеріс барысында күдіктілерден тапанша мен пышақ тәркіленді. Бірақ, оққару ойыншық болып шықты. Ұрылар оны сатушыларды қорқыту үшін пайдаланған. Сатушылардың айтуынша, қас қарая сауда орындарына бетперде киген екі адам шабуылдаған. Ең алдымен олар ұрлық жасау үшін дүкеннен ойыншық тапанша және пышақ сатып алған. Сөйтіп, олар сатушының жалғыздығын пайдаланып, өз ойларын іске асырмақ болған.

 Күдікті:

-Бас киімдерден маска дайындадық. Ұрлық жасау үшін барлық керек-жарақты дүкеннен сатып алдық. Кеш түскен соң біз сауда орнына барып, барлық адамдардың кеткенін пайдаланып, ұрлық жасадық.  

  
 Бұрын сотталған, бүгінде еш жерде жұмыс істемейтін күдіктілер өз кінәлерін мойындап отыр. Айтуларынша, шабуылдың сценариі алдын- ала ойластырылған.

Күдікті:

-Сатушыны пышақпен қорқыттым. Кейін ішке кіріп, ақша және төлем карталарын алып, қашып кеттік. 

Қазіргі кезде сезіктілер қамауға алынып, тергеу жұмыстары жүргізілуде. Олар қарашылық әрекеті үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.