Қоғам

Бюджеттің ашықтығы зерттелді

 

Жергілікті бюджеттердің ашықтық деңгейін анықтау үшін өткен жылы елімізде алғаш рет арнайы зерттеу жүргізілген. Бұл жұмысты үкіметтік емес ұйымдар қолға алыпты. Әдістеме көпжылғы халықаралық зерттеу жұмыстарының негізінде әзірленген. Мақсат – жергілікті жерлерде бюджетке қатысты ақпараттардың халық үшін ашықтығы мен қолжетімділігін анықтау.

Сергей Худяков, “Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институты” ЖМ директоры:
– Зерттеу жұмыстарының қорытындысы бюджеттік процестердің ашықтық деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Яғни, мемлекеттік органдар қоғамдық ұйымдармен қалай жұмыс жасайтынын, бюджетке қатысты ақпараттардың бұқаралық ақпарат құралдары үшін қаншалықты қолжетімді екенін анықтауға негіз бола алады. Әр облыстың индексі оларды өзара салыстыруға мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде жергілікті басқару органдарын осы бағыттағы жұмысты жетілдіруге жұмылдырады.

Сонымен, өткен жылы жергілікті бюджеттердің ашықтығы мен ақпараттың қолжетімділігі бағаланды. Зерттеу еліміздің 14 облысы мен Алматы және Астана қалаларын қамтыды. Нәтижесінде біздің облыс 100 ұпайдың 45- не ие болған. Сөйтіп, Қостанай, Алматы, Маңғыстау, Оңтүстік және Батыс Қазақстан облыстарын ғана артқа тастап, 11-ші орынға тұрақтадық. Көш басында Атырау және Қызылорда облыстары. Өңірімізде ең төмен көрсеткіш бюджет жобасын әзірлеу процесін бағалау кезінде байқалған. Ал мәліметтің бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы көңіл көншітеді дейді зерттеуді жүргізген сарапшылар. Бұған қоса мамандар шын мәнінде біздің облыстың көрсеткіші айтарлықтай жоғары екенін алға тартады. Мемлекеттік органдардан толыққанды ақпарат алу мүмкіндігі болмағандықтан, зерттеудің нәтижесі осындай болған көрінеді.

Людмила Худякова, “Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институты” ЖМ сарапшысы:
– Зерттеу кезінде төрт мемлекеттік органның мамандарымен жұмыс жасадық. Айту керек, жергілікті бюджеттің ашықтығын шынайы бағалауға қажетті ақпараттың толық болмауы кедергі болды. Мемлекеттік органдар бүкіл қажетті мәліметті бере алмады. Сондықтан заң негізінде оларды белгіленген уақытта есеп тапсыруға міндеттеу керек. Салалық министирлікке осындай ұсыныс енгізген жөн.  

Өз ұсыныстарын кездесуге жиналған облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері де білдірді. Зерттеу шеңберіндегі жұмысты әлі де жетілдіру қажет деген пікірде олар. Бұл мәселелер зерттеу қорытындысына арналған республикалық конференцияда кеңінен талқыланатын болады

Айымгүл Әбілева