Бизнес және экономика

2011 жылы коммуналдық қызмет үшін тарифтердің негізсіз өсуіне жол берілген жоқ

 

 

Тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу – өткен жылы антимонополиялық ведомство алдында тұрған басты міндет осы болған. Бұл міндетті жоспарға сай орындадық дейді департамент директоры Марат Мұстафин. Тағы бір маңызды мәселе – нормативтік-техникалық ысырапты азайту. Бұл бағытта да облыста айтарлықтай жұмыс тындырылған.

Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:
-Нормативтік-техникалық шығындар бойынша Үкімет 2015 жылға дейін бекіткен көрсеткіштер біздің облыста қазірдің өзінде орындалып жатыр. Нормадан  артық шығындарды былтыр «СКРЭК»  толық жоғалтты. Бұл жақсы нәтиже.

Энергия үнемдеу бағытында да тиісті жұмыс атқарылған. Бірқатар монополия субъектілері жаңа технологиялар ендірген. Бұл мақсттағы жұмыс биыл да жалғасын таппақ. Алда ауқымды міндеттер тұр. Мемлекет басшысы қаңтарда «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» жаңа заңға қол қойды. Ендігі уақытта халық арасында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет. Есептегіш құрылғыларын орнатуға тұрғындар үлкен жауапкершілікпен қарағандары жөн. Әсіресе, жылу есептегіш жабдықтарын орнатуды мықтап қолға алу керек. Бүгінде облыс орталығында мұндай құрылғылармен жарақтандырылу деңгейі 21 пайызды ғана құрайды. Мұнымен қатар дифференциалдық тарифтерді енгізу бойынша әрі қарай жұмыс жалғаспақ. Тарифтің негізсіз өсуіне жол бермеу мәселесі биыл да айырықша назарда болмақ.

Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:
Тариф көтерілмей қоймайды. Бірақ ретсіз өспеу керек, шек болу қажет. Монополия субъектілері инвестициялық тарифке, яғни 2-3 жылдық тарифке көшу керек. Жыл сайын келе бермей, 2-3 жылға бекіту міндеті тұр.  

Десек те, сәуір айынан электр энергиясы үшін тариф көтерілуі мүмкін деп отыр департаменттегілер.  Энергетиктердің бағаны өсіру үшін келтірген дәлелдері сенімді болса керек.

Айымгүл Әбілева