Спорт

Спорт жаңалықтары

Үш күн бойы былғары қолғап шеберлері өзара мықтыны анықтады. Жеңіс тұғырынан көріну үшін облысымыздың түкпір-түкпірнен білекті деген спортшылар жиналды. Оларға қойылған талап та жоғары. Қатысушылар жас та болса,  көз тартарлық тартыстарды көрсете білді.

Ринат Сейтмұхамедов, жарыстың бас төрешісі:
-Жарысқа қатысушылардың саны артып келеді. Олардың дені ауданнан. Бүгінгі өткізіліп жатқан сайыстың мақсаты мықты боксшыларды анықтап, келесі сайысқа іріктеп алу. Және былғары қолғап шеберлерінің осал тұстарын анықтап, әрі қарай жаттықтырып жетілдіру керек.

13 -14 жастағы былғары қолғап шеберлерінің 34-і ақтық сайыста күш сынасты. Жас боксшылардың ішінде Дидар Ыбыраев жеңіс тұғырынан көрініп, чемпион атанды. Бұл оның алғашқы жеңісі емес. Осыған дейін спортшы Есіл, Омбы қалаларында өткен жарыстарға қатысып, жұлдызы жанған.

Дидар Ыбыраев, жарысқа қатысушы:
– Мен бүгін финалға шықтым. Қарсыласым мықты болды. Оны жеңу оңайға түскен жоқ. Намысымды қолдан бермеуге тырыстым.  

Ақтық сында жеңіс тұғырынан көрінген былғары қолғап шеберлері көктемде Балқаш қаласында өтетін Республикалық деңгейдегі аймақтық біріншілікке жолдама алады.

 

Ал жерлесіміз Зайра Қасиянова ақпанның 15-18 аралығында Көкшетау қаласында бокстан өткен ашық біріншілікте алтыннан алқа тақты.  

Не бары бір жарым жыл бокспен айналысып жүрген Зайра Қасиянова – өңірдегі болашағынан үміт күттіретін спортшылардың бірі. Басында спорттың бұл түріне тек қызығушылықпен қарапты. Түбегейлі айналысамын деп ойлмаған. Уақыт өте келе жаттығулар жемісін беріп, алғашқы жеңістерін әкеле бастады.

Зайра Қасиянова, «Жеңіс» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі:
– Алғаш рет боксқа жаттығуға қатысып көрдім. Меніңше, бұл өте жақсы спорт түрі. Болашақта Дариға Шакимоваға ұқсағым келеді.

Аптасына 6 рет 3 сағаттан тынымсыз жаттығатын Зайра көптеген жетістіктерге жеткен.  Соның бір  дәлелі  – былтыр Қорған және Ишим қалаларында өткен бүкілресейлік чемпионаттарда да спортшы 2-орыннан көрінді. Жаттықтырушысы оның болашағынан зор үміт күтеді.

Виктор Окованцев, «Жеңіс» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушы:
– Зайра өте еңбексүйгіш әрі алдына қойған мақсатына жете біледі. Жаттығу жұмыстарына өте белсенді қатысады.
Оның болашағына зор сеніммен қараймын.

Енді Зайраны наурыз айында Тараз қаласында өтетін кезекті жарыс күтіп тұр. Бүгінде ол Қазақстан біріншілігіне дайындықты бастап та кеткен.

Әспет Әбдірешова