Мәдениет

Пушкин шығармалары – лицей сахнасында

 

 

Ұлы орыс ақыны А.С.Пушкиннің дүниеден өткеніне  175 жыл. Осыған орай жалпы білім беретін бірінші қалалық лицейде ақынның өмірі мен шығармашылығына арналып онкүндік ұйымдастырылды. Сурет байқаулары, мәнерлеп оқу сайыстары, ашық сабақтар өткізілді. Ақын поэзиясына жаны жақын, өнерлі жеткіншектер марапатқа ие болды. Анастасия Чвилева ақынның «Күз» өлеңін жатқа айтты. Туындының сырын аша білген қыз мәнерлеп оқушылар арасында топ жарды.

 Анастасия Чвилева, бірінші қалалық  лицей оқушысы:
– Мен күз мезгілін өте жақсы көремін. Өйткені ол кезде оқуға барасың , әрі менің туған күнім де күзде. Пушкиннің бұл өлеңін мен осы үшін алдым.

10 сынып оқушылары Пушкин шығармалары кейіпкерлерінің бейнесіне енген. «Домик в Коломне» деп аталатын  қойылымда олар өздерін нағыз кәсіпқой әртістер ретінде көрсетуге тырысты. Бұдан басқа оқушылар ақынның «Дубровский», «Сказка о золотом петушке» деп аталатын шығармаларынан үзінділерді сахналады. «Театральный разъезд» деп аталатын фестиваль соңғы 4 жылдан бері өткізіліп келеді.

Виктор Сайко, Орыс қоғамдастығының СҚОФ төрағасы:
Бүгінде ассамблеяның орыс қоғамдастығы бірінші қалалық лицеймен тығыз байланыс орнатқан. «Орыс маусымы» деп аталатын іс-шаралар кезеңі биылғы жылы осы театр маусымының ашылуымен тығаз байланыстырылып отыр.

А:С Пушкин шығармашылығына арналған театрландырылған қойылым көптің көңілінен шықты. Оқушылар өздеріне жүктелген міндетті ойдағыдай орындады.

Әспет Әбдірешова