Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавл қаласы әкімінің алғашқы есепті кездесуі

 

 

 

Бұл кездесуді петропавлдықтар жыл бойы тағатсыздана күткен болатын. Тұрғындардың жергілікті атқарушы билік өкілдеріне жолдайтын сауалдары мен өтініштері жетерлік. Мұндай жиын олардың шешімін табу үшін зор мүмкіндік. Былтырғы кездесуде түскен 77 ұсыныс-тілектердің бүгінгі таңда 73-і орындалыпты.

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
-Осы өтініштер бойынша Жуков, Уәлиханов, Романтиков, Солнечная, Прохладная көшелері жарықтандырылды. Бұл мәселе «Балдәурен» балабақшасы мен Мир көшесі, 223,270 мекен-жайлары бойынша да шешімін тапты. Тұрғын үйлер қолданысқа берілгеннен соң «Орман» ықшам ауданы да жарықтандырылмақ.  

Сондай-ақ балалар алаңқайлары мен шағын бақтар жөнделген, жол төсемдерін қалпына келтіруге де аса мән беріліпті. Жерге қатысты мәселелер де шешімін тапқан. Яғни, атқарылған жұмыс ауқымды. Дегенмен 2011 жылғы 4 шағым қаражат мәселесіне байланысты әлі шешілмей отыр.

 Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
-Борки кентінен Солнечныйға дейінгі жол жарықтандырылмады. 2011 жылы 21,6 млн теңгеге жоба-сметалық құжаттар әзірленді. Сондай-ақ кәріздік коллекторды қалпына келтіру жұмыстарына байланысты кейбір көшелерде жаяу жүргіншілер жолдары жөнделмеді. № 4 және № 23 мектептердің қоршауы да қалпына келтірілмеді. Бұл мәселелер үстіміздегі жылда атқарылуы тиіс жұмыс жоспарына енді.  

Бұл жолы да қала әкімінен көмек сұрай келгендердің қатары қалың. Кирпичный кентінің тұрғыны Екатерина Шелутькова өз жағдайымызды айтып, бармаған жеріміз қалмады дейді. Енді ол кездесуге зор үміт артып отыр.

 Екатерина Шелутькова:
– Біздің құдығымыздың жарамсыз болып қалғанына 2 ай болды. Екі бірдей көшенің тұрғындары сусыз отырмыз. Оның үстіне күн де суық. Осы кездесуге үлкен үміт артып келдік. Мәселенің шешілетініне сенемін.

Есептік кездесу арқылы өз мәселесінің түйінін тарқатуға Нина Мацкевич та ниетті. «Ашық аспан» балабақшасының директоры  мекемеге кіре беріс жолдарды жөндеуді сұрап отыр.

 Нина Мацкевич:
– Желтоқсан айында Пионер көшесінде 50 орынға шақталған балабақша ашқан болатынбыз. Дегенмен оған кіре беріс жол әлі жөнделген жоқ. Пушкин көшесін жөндеген уақытта бізді де назардан тыс қалдырмауыңызды сұраймыз.

Бұл жол мәселесіне қатысты жалғыз шағым емес. Қала әкімі олардың әрқайсының қараусыз қалмайтындығына сендірді. Биыл тұрғын үй мен балабақша құрылысына баса мән берілмекші. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде өз кезегін 9 мың петропавлдық күтуде. Ал 6 мыңнан астамы тұрғын үйге зәру. Кейбір үйлер күрделі жөндеуді қажет етеді.  Кездесуде «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы да сөз болды. Кейбір тұрғындар бұл бағдарлама бойынша үйлерінде жөндеу жұмыстарын жүргізгенімен, әлі де әлеуметтік қолдауға ие болмаған. Болат Жұмабеков биыл бұл мәселені шешуге уәде етті.

Инеш Шоқақова