Бизнес және экономика

Өңірде бизнес климат жақсарып келеді

 

 

 

Бүгінгі күні елімізде кәсіпкерлер үшін қолайлы бизнес ахуал жасалып отыр. Мұны отандық сарапшылармен қатар шетелдік мамандар да алға тартады. Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында отандық бизнесті дамытуға үлкен көңіл бөледі. Бұл орайда “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы кәсіпкерлерге үлкен қолдау. Оған бизнес өкілдерінің өздері көз жеткізіп үлгерді дейді сауда-өнеркәсіп палатаның төрайымы Нелли Кукшкина. Бағдарлама шеңберінде несие алуда біршама жеңілдіктер қарастырылған. Мұнымен қатар кәсіпкерлерге сервистік көмек те көрсетіледі.

Нелли Кукушкина, СҚО сауда-өнеркәсіп палатасының төрайымы:
– Біздің ұйым екі жыл көлемінде сервистік көмек көрсетуде оператор болды. 2010 жылы кәсіпкерлерге 100-ден астам осындай қызмет түрі көрсетілді. Ал 2011 жылы 200-ге жуық. Негізінен “Бизнестің жол картасы” бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалануға қатысты заңгерлер кеңес берді. Сондай-ақ бухгалтерлік және салық есеп-қисабына қатысты да жәрдем жасалды.

Ендігі уақытта бағдарлама аясында инновацияға бет бұрған жас бизнесмендерге қолдау жасалмақ. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында осындай міндет қойды. Бұл өзгерісті жас кәсіпкерлер қолдап  отыр. Тағы бір маңызды жайт – бизнесмендердің аяғына тұсау болатын түрлі кедергілерді жою қажет. Бұл мәселе де Елбасының жіті назарында. Сөйтіп, лицензиялық мемлекеттік қадағадау жүйесінде ауқымды реформа қолға алынбақ.

Нелли Кукушкина, СҚО сауда-өнеркәсіп палатасының төрайымы:
-Лицензиялардың үштен бірі қысқартылады. Бұл бағытта ауқымды жұмыс тындырылды. Алдағы уақытта да қыруар жұмыс күтіп тұр. Біз мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс жасап жатырмыз. Жемісті болады деген сенімдеміз.

Тағы бір маңызды жайт – мемлекеттік органдар жаңадан тіркелген кәсіпкерлік субъектілерін үш жыл көлемінде тексермейтін болады. Сөйтіп, бұл шаралардың барлығы еліміздегі бизнес климатты барынша жақсартуға ықпал етеді деген сенімде мамандар.

Айымгүл Әбілева