Қылмыс

Бұзақы қыздар қолға түсті


 

Түнгі сағат үш шамасында әйел адам жалғыз өзі көліктен шығып, вокзал аумағына қарай бет алған. Бір уақытта оның қасына тоқтаған темір тұлпардан қыздар шыға келіп, азаматшаны соққыға алыпты. Бұл көріністі Жедел басқару орталығының қызметкері бейне бақылау камерасы арқылы байқап қалған.

Петр Масенко, СҚО ІІД ЖБО аға инспекторы:
-Бірден байланыс құралы арқылы жаяу және автопатрульдерге хабар бердім. Бір минуттың ішінде оқиға орнына жеткен патрульдік полиция батальонының қызметкерлері бұзақы бойжеткендерді сол жерде құрықтады. Жәбірленуші және бұзақы қыздар Петропавл қалалық ІІБ-ның 2-ші полиция бөліміне жеткізілді.

Өкініштісі, қыздардың осындай дөрекілігін көрген адамдардың біреуі де әйелге көмек көрсеткен жоқ. Тонаушылардың бірінен жәбірленушіден тартып алынған ұялы телефон тәркіленді. Қолға түскендердің біреуінің анасы қызының бір апта бойы үйге келмей жүргендігін айтты. 17 жастағы қыз үйінен жиі кетіп қалады екен. Тәртіп сақшылары кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің ата-аналарын да жауапқа тартатын болады. Қазіргі кезде бұл оқиғаның мән-жайы анықталуда.

Айдана Демесінова