Құрылыс

Телекоммуникациялық қызметтердің саны да сапасы да артады

 

 2012 жылдың 1-қаңтарына дейін iD Phone қызметіне 1847 абонент, iD TV қызметіне 2 мыңнан астам тұрғын қосылыпты. Өткен жылы Fiber to the home желісінің құрылысы жалғасты. Бұл қызмет сапасының артуына септеспек.

Әлім Шүкенов, «Қазақтелеком» АҚ филиалы СҚ ОТД бас директоры:
– Интернет желісіне кеңжолақты қатынауды қамтамасыз ету мақсатында Біздің дирекция «Петропавл-Пресновка-Новоишимское» бағытында талшықты оптикалық байланыс желісінің құрылысы бойынша жоба әзірлеген. 2011 жылы  Петропавл-Мамлютка-Пресновка-Благовещенка учаскесінде осындай желі тартылды. Елді мекендердің оқу мекемелерінде Интернетке қосылу қамтамасыз етілді.

Баспасөз мәслихатында Дирекция басшылығы биыл да бірқатар елді мекендерде осындай жұмыстарды атқаруды көздеп отырғандығын мәлімдеді. «Тоқтаусыз қызмет көрсету» стратегиясын іске асыру шеңберінде 2011 жылы  8216 телефон аппараты орнатылды. Баспасөз мәслихатында филиал енгізген өзге де жаңа қызмет түрлері жайлы айтылды.

Руслан Ахметов, «Қазақтелеком» АҚ филиалы СҚ ОТД коммерциялық директоры міндетін атқарушы:
– Филиал қызметіндегі басым бағыттардың бірі -инновациялық жобаларды іске асыру арқылы сервис пен қызмет көрсету деңгейінің сапасын арттыру, телекоммуникациялық қызметтің төлемдерін қашықтықтан төлеу жүйесін енгізу. Коммерциялық пайдалануға “Қазақтелеком” АҚ кез-келген қызметін ыңғайлы тәсілмен төлеуге мүмкіндік беретін бірыңғай карта жаңа қызметі енгізілді.

Баспасөз мәслихатында жаңа iD Net қызметі жайлы да сөз қозғалды. Бұл арқылы азаматтар интернет желісіне секундына 100 Мбитке дейінгі жылдамдықпен қатынайтын болады. Бүгінгі күні 33 үйге оптикалық желіні қосып үлгерген. Енді олар қызметтің бұл түрін наурыз айынан бастап пайдалана алады. Ал Үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш 200 шақты үйді құрамақ. «Мегалайннан» жаңа қызмет түріне көшу тегін. Оптикалық желіні үйге тартудағы бар шығынды да жергілікті дирекция өз мойнына алып отыр.

Леонид Якубовский, «Қазақтелеком» АҚ филиалы СҚ ОТД техникалық директоры:
– Біздің филиалымыз абоненттердің сұраныстарын қанағаттандыруға тырысады. Ал талшықты оптикалық желі қызмет сапасын арттырады. 2012 жылы ауқымды жұмыс жасамақпыз. Тұрғындар да бізді түсініп қолдаса игі болар еді.

Бұрын орнатылған мыс сымдар жаңартылған түрлерімен алмастырылады. Ал пәтерге модемнің орнына ONT деп аталатын  құрылғы қойылмақ. iD Net қызметі үшін тұрғындар айына 3600 теңге төлейтін болады.

Айдана Демесінова