Спорт

Тәртіп сақшыларының спартакиадасы

 

 

 

Білек күшімен, шапшаңдықтарымен сынасуға құқық қорғау органдарының 20 командасы атсалысуда. Олардың ішінде облыстық ішкі істер, қылмыстық атқару жүйесі департаменттері, ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің әскери институты, 6637 әскери бөлім командалары бар. Сонымен қатар он үш аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері де қатысуға ниет танытқан. Спортшылар екі күн бойы күш сынасып, мықтылар анықталды. Тартысты өткен бәсекеде бірінші орынды жергілікті әскери институттың самбошылары алды. Екінші орында облыстық ІІД. Үшінші орынды мамандандырылған күзет қызметі басқармасының спортшылары місе тұтты.
Аудандық ішкі істер бөлімдерінің спортшылары арасында алтынды Қызылжар ауданының қызметкерлері, күмісті Есіл ауданының тәртіп сақшылары еншілесе, үздік үштікті Тимирязев ауданы тұйықтады.
Жүз килограмнан артық салмақта Қызылжар аудандық Ішкі Істер Бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Сәкен Қаражановқа тең келер самбошы болған жоқ. Сәкен жиырма сегіз жыл бойы күреспен айналысып жүр.

Сәкен Қаражанов, Қызылжар АІІБ учаскелік полиция инспекторы:
-Мен жылда самбодан құқық қорғау органдары арасында өткізілетін жарыстарға қатысып тұрамын. Бұндай жарыстар полицейлер арасында қажет. Спорт әрқашан салауатты өмір салтын ұстануға көмек береді.

Үздік деп танылған палуандар грамоталармен және кубоктармен марапатталды. Самбодан сайыс аяқталғанымен, қысқы спартакиада жалғасуда. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері алдағы уақытта шаңғы, волейбол, шағын футбол және табельдік қарудан ату сайыстары бойынша күш сынасатын болады.