Әр түрлі

Көлдерге ауа жіберілуде

 

 

 

Бүгінде өңірдегі 130-дан астам кәсіпкер балық шаруашылығын дамыту мақсатында 386 көлді ұзақ мерзімге жалға алған. Су көздерінің 80 пайызының қыс уақытында қатып қалу қаупі жоғары. Сондықтан  мол өнім алу үшін тиісті жағдайлар жасалуы тиіс. Мұндай жұмыстардың бірі – суға оттегі жіберу. Әсіресе қыс уақытында су бетіндегі мұз қалындағанда су жәндіктері ауасыз қалады.

 Анатолий Никитичев, Пестрое көлін жалға алушы:
– Қазір далада -25 градус, көлдер өте терең емес, сондықтан қата береді. Барлық жалға алушылар аэрация жұмысын жүргізулері тиіс, өйтпегенде жұмыс істеп, балық шаруашылығын дамыту мүмкін емес.

Бір литр судағы оттегінің мөлшері кем дегенде 2 мл. болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда өңіріміздің   қатал климатына әбден бейімделіп, көптеп тараған тұқы балықтарының өздері де оттегі тапшылығына шыдас бермеуі мүмкін. Қазіргі таңда өңіріміздегі 15 көл оттегімен қамтамасыз етілуі тиіс.

Григорий Петрушевский, СҚО балық инспекциясы бөлімінің бас маманы:
– Мұздың қалыңдығы қазір 1 метрден асып кеткен. Ал көл тереңдігі 1 м 60 см ғана, сондықтан бұл балықтардың өмір сүруіне қатты зиян келтіреді. Су қоймасында оттегі тек 4 миллиграмм ғана, бұл өте төмен әрі қауіпті көрсеткіш. Балық инспекциясының бөлімі көлдердің қатып қалу мониторингін жүргізіп, аэрация жасау кестесін әзірлейді.  

Пестрое көлінде үйреншікті тәсілдермен бірге замануи құрылғылар да пайдаға асуда. Тоққа жалғанған насосты құрылғы арқылы күніне мыңдаған текше метр су өтеді . Осы айналымның арқасында көл суы оттегімен бір апта ішінде толықтай қанығады. Ал былтыр айналмалы аэратор қондырғысы орнатылыпты. Вентилятор желдің күшімен тәулік бойы жұмыс істейді. Осының әсерінен судың астына жалғанған ауа таратқыш құрылғы үздіксіз оттегін бөліп отырады. Сонымен қатар, су жануарларын ауамен қамту мақсатында көлдің бетінде 3 мыңға жуық ойық тесу көзделген.

Анатолий Никитичев, Пестрое көлін жалға алушы:
– Қазір жел болмағандықтан, насос жұмыс істемейді. Сондықтан, үйреншікті бұрғылау әдісін қолданып жүрміз. Қазір 200-ге таман шұңқыр жасадық.  

Өңіріміздегі өзен, көлдердегі су жануарларын тарылған тынысын кеңейту жұмыстары мұздың қалыңдығы жұқарғанша  жалғасады.