Әр түрлі

Төлем терминалдарының қызмет түрі одан әрі көбейеді

 

«Қазақтелекомның” төлем кассалары жұмысын тоқтатқалы әлдеқашан. Енді олардың қызметін  ақпараттық-төлем дүңгіршектері атқарады. Заманауи құрылғының көмегімен көптеген іс-әрекетті орындауға болады.  Олар 2008 жылы орнатыла бастаған.

Руслан Ахметов, «Қазақтелеком» АҚ ОТДСҚ филиалының коммерциялық директоры қызметін атқарушы:
– Ақпараттық-төлем дүңгіршектері төлем қызметтерін көрсетеді. Мәселен, қосымша қызмет көрсетуге жүгіне отырып, тарифтер жайлы ақпарат алуға болады. Сондай-ақ, абоненттердің төлем жайындағы ақпаратын қағаз күйінде шығарып алуына болады. Қосымша қызмет құны – 20 теңге.

Заманға сай аппараттың басты артықшылығы – оның уақытты үнемдейтіндігінде. Тиісті төлемдерді жасау үшін бұрынғыдай ұзын-сонар кезекте тұрудың қажеттілігі азайды. Ал егер тұтынушылар тарапынан сұрақтар туындап жатса, әрқашан көмекке әзірміз дейді олар.

Самат Жұмабаев, «Қазақтелеком» АҚ ОТДСҚ филиалының сату орталығының маманы:
– Әр абонент телекоммуникация төлемдерін өзіне ыңғайлы әдіспен төлей алады. Мысалы, телефон номері бойынша немесе дербес шот арқылы. Абонент төлеген кезде қиындықтар туындаса, ол әдейі құрастырылған инструкциямен таныса алады.

Егер техникалық ақаулар мен сұрақтар туындаса Саll-орталыққа хабарласу керек. Нина Воронова осыған дейін ешқандай техникалық қиындықтарға кездесіп көрген жоқпын дейді. Кассалардың орнын басқан төлем дүңгіршектерінің қызметі әлдеқайда тиімді дейді ол.

Нина Воронова, зейнеткер:
– Бұл қызмет уақыт үнемдеуде өте ыңғайлы. Бұрын төлем жасау үшін ұзақ отырып, өз кезегіңді күту қажет болатын. Енді әлдеқайда тиімді.

Бүгінде мұндай дүңгіршектерді ірі сауда орталықтары мен өзге де қызмет көрсету орталықтарынан көптеп кездестіруге болады. Барлығы қалада 32 терминал бар. Ал жуырда банк карталары арқылы төлем жасауға мүмкіндік беретін жаңа дүңгіршектер орнатылды.

Әспет Әбдірешова