Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірде жалпы өнім көлемі өсті

 

 

Баяндамашы облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров ең алдымен облыстың өткен жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталды. 2011 жыл өңір үшін табысты болды. Экономиканың барлық салаларында өсім байқалған. Сөйтіп, өткен жылы өңірлік жалпы өнім көлемі 107 пайызға артып, 523 млрд. теңгеге жетті.

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
-Бұл көрсеткішке ауыл шаруашылығы, бөлшек сауда айналымы, өнеркәсіпте өндіріс көлемінің өсуі нәтижесінже қол жеткіздік.
Өнеркәсіп өндірісі 7,2 пайызға өсіп, 109,2 млрд. теңгені құрады. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім 58,9 пайызға артып, 358 млрд. теңгеге жетті. Бұл салаға жыл сайын қомақты қаражат бағытталады. 2011 жылы бюджеттен 6,6 млрд. теңге бөлінді. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында да оң нәтижелер байқалды. Бөлшек сауда айналымы 2010 жылмен салыстырғанда 35 пайызға өсті.  

Өткен жылы облыс бюджетінің орындалуы да көңіл көншітеді. Былтыр жергілікті бюджеттің кіріс бөлігі 101,5 пайызға орындалған. 2010 жылмен салыстырғанда бюджет түсімі 17 пайызға дерлік артқан, яғни 3 млрд. теңгені құраған. Ең қомақты үлес Петропавл қаласы, Тайынша және Ғ.Мүсірепов аудандарына тиесілі. Бұл орайда айта кету керек, төртінші тоқсан қорытындысы бойынша, еліміздегі салық органдарының жұмысын бағалау рейтінгісінде біздің облыс көш басында. Ал облыс бюджетінің шығыс бөлігінің орындалуы 2010 жылға қарағанда төмендеген.

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
– Бюджеттің шығыс бөлігінің ең көп игерілмеуі Жамбыл, Қызылжар, Айыртау, Тайынша аудандарында байқалады.
Жалпы алғанда игерілмеген қаражат 3,4 пайызды құрайды. Бұл қаржы биыл жаңа мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға жұмсалады.

Осылайша, өткен жылы орын алған олқылықтарды ескере отырып, биыл нәтижелі жұмыс атқару керек. Жиында облыс әкімі Серік Біләлов қала және аудандар әкімдеріне, басқармалар басшыларына бірқатар маңызды міндеттер жүктеді. Ең алдымен бюджет түсімінің жоспарға сай орындалуын қамтамасыз ету керек. Жаңа жұмыс орындарын құрып, өндіріс орындарын ашу, экономиканың нақты секторында еңбекақы көлемінің артуы бағытында белсенді жұмыс жүргізу қажет. Республикалық және облыстық бюджеттен бөлініп, игерілмей қалған трансферттердің уақытында қайтарылуы қамтамасыз етілуі тиіс.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Мұнымен қатар бюджеттің шығыс бөлігінің игерілуі үшін қажетті шараларды қолға алу қажет.
Әсіресе, республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген трансферттердің игерілуіне үлкен көңіл бөлу керек. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы аудан әкімдерімен бірлесіп “Бизнестің жол картасы -2020 ” бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жаңа жобалардың санын арттыру бағытында жұмыс атқару керек. Ауыл шаруашылығы басқармасы аудан басшыларымен бірге мал шаруашылығын дамыту үшін тиісті іс-шараларды қолға алу қажет.  

Тұрғын үй құрылысында жоспарланған шараларды жүзеге асыруға да үлкен көңіл бөлу қажет деді облыс әкімі. Бөлінген бюджет қаржысы уақытында игерілуі тиіс.

Айымгүл Әбілева