Денсаулық сақтау

Медициналық қызмет көрсету сапасы артып келеді

 

 

 

Қалалық әйелдер консультациясы жақында жаңа ғимаратқа көшті. Бұрынғы балалар емханасын жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 39 млн. теңге бөлінген. Қазір жаңартылған емдеу мекемесінің іші жылы, жарық. Дәрігерлердің қабылдауына келген әйелдерге барынша қолайлы жағдай жасалыпты. Отыз орынға шақталған күндізгі стационар жабдықталған. Бұрынғы ғимаратта тек он орын ғана болған екен. Жаңа қондырғылар орнатылыпты. Мұның барлығы мемлекеттің денсаулық сақтау жүйесіне жасап отырған қолдауының нәтижесі дейді емдеу мекемесінің бас дәрігері Светлана Кашенцева.

Светлана Кашенцева, қалалық әйелдер консультациясының бас дәрігері:
-Облысымызда жыл сайын бала туу көрсеткіші артып келеді. Бала және ана өлімі төмендеді. Мәселен, өткен жылы облыс бойынша мұндай оқиға орын алмады. Ал қалада соңғы төрт жылда ана өлімі мүлдем тіркелген жоқ.  

Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында денсаулық сақтау жүйесіне үлкен мән береді. Биыл да Елбасы мемлекет ең бірінші кезекте адами капиталды дамытуға аса үлкен көңіл бөлетінін атап айтты. Өйткені дені сау, біліктілігі жоғары халық қана биік мақсаттарға жете алады. Үкімет шілденің біріне дейін денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөнінде ұсыныстар енгізуі тиіс. Бұл өзгерістерді емдеу мекемесінің дәрігерлері қолдап  отыр. Олар алда тұрған маңызды міндеттерді орындауға үлестерін қосуға әзір.

Светлана Кашенцева, қалалық әйелдер консультациясының бас дәрігері:
-Президент амбулаторлық-емханалық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, саламатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен көңіл бөледі.
Яғни, бала дүниеге келгеннен бұл мәселеге баса назар аудару қажет. Бұл ретте қалалық әйелдер консультациясы алдыңғы шепте болуы қажет. Өйткені, ұлт денсаулығы әйел денсаулығына байланысты. Ел болашағы үшін ұрпағымыздың дені сау болуы керек.

Емдеу мекемесіне биыл жаңа қондырғы сатып алынбақ. Ультрадыбыстық сканер ерте кезден туа бітетін ауруларды анықтауға мүмкіндік береді.

Айымгүл Әбілева