Құрылыс

Электрондық қызмет көрсету жүйесі қарқынды дамуда



 

Қызмет көрсету түрлерінің электрондық жүйеге көшуі – тұрғындардың уақытын үнемдеп, жедел ақпарат алуына жол ашып отыр. Өңіріміздегі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйемен толықтай қамтылуын Солтүстік Қазақстан ақпараттық технологиялар орталығының мамандары жүзеге асырады. Оның құрамына 30-ға жуық маман енген.

Эдуард Маляуцкий, СҚО ақпараттық технологиялар орталығының бөлім бастығы:
-Біздің ең басты жобамыз – «Электронды үкімет» порталы.
Бұл мемлекеттік органдарды біріктетін жүйе. Сондай-ақ оларға ғаламтор, ақпараттық дүңгіршіктер және ұялы телефонның көмегімен қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Аталмыш қызмет заңды тұлғалармен қатар компаниялар мен кәсіпкерлердің сұраныстарын қамтиды.

Бұл саладағы өткен жылдың басты жетістігі – «Электрондық үкімет» порталында 119 интерактивті қызмет түрін көрсетуді жүзеге асыру болып табылады. Оның ішіне 77 мемлекеттік қызмет түрі , онлайн жүйесінде төлеуге болатын салықтың 4 және жол ережесін бұзғаны үшін өтелетін айыппұлдың 1 түрі енген.

Эдуард Маляуцкий, СҚО ақпараттық технологиялар орталығының бөлім бастығы:
– 2011 жылда 8 млн-дай мемлекеттік қызмет көрсетілген.
500 мыңнан астам электрондық-сандық қолтаңба берілді. Қазіргі таңда елімізде бұл қызмет түрін 1 млн-ға жуық азамат қолданады. Бұл тұста біздің өңіріміз көш басында деуге болады.  

Халыққа қызмет көрсету орталығында орналасқан   электрондық тақта да петропавлдықтар үшін соңғы кездегі тың өзгерістердің бірі. Орталық инспекторы Қарлығаш Сәдриева бұл қызмет түріне жүгінетіндердің қатары қалың дейді.

Қарлығаш Сәдриева, Халыққа қызмет көрсету орталығының инспекторы:
«Электрондық үкімет» порталында кез келген азамат өзіне қажетті ақпаратты ала алады. Мысалы мекен-жай анықтамасы, азаматта жылжымайтын мүлік бар не жоқ екендігін.  

Биыл да электрондық қызмет көрсету түрлері кеңеймек. Баланың тууына байланысты әлеуметтік көмек алу және азаматтардың қалаған емханаларын онлайн режимінде таңдауын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Инеш Шоқақова