Құқық қорғау органдары

Әскери прокуратура өткен жылды қорытындылады



 

Баспасөз мәслихатын Петропавл гарнизонының әскери прокуроры Нұрлан Алпысов өткен жылда атқарылған істерді қорытындылаудан бастады. Былтыр гарнизон прокуратурасы барлығы 55 тексеріс жүргізіпті. Соның арқасында 490 заңбұзушылық анықталып, 11 наразылық қанағаттандырылған. Сондай-ақ мемлекетке келтірілген шығынның орны толтырылды.

Нұрлан Алпысов, Петропавл гарнизонының әскери прокуроры:
– Прокурорлық тексерістердің нәтижесінде 135 азаматтың конституциялық құқығы қорғалды. 72 тұлға тәртіптік, 12-сі әкімшілік, 10-ы материалдық жауапкершілікке тартылды. Мемлекет қазынасына 1 млн 400 мың 107 теңге қайтарылды.

Анықталған заңбұзушылақтар қатарында негізінен қауіпсіздік ережелеріне сай еңбек жағдайының жасалмауы, қызметкерлердің тиісті сыйақы алмауы, т.б. бар. Сондай-ақ жиында үстіміздегі жылғы қаңтардың 22-інде күшіне енген рақымшылық заңы туралы да сөз қозғалды. Петропавл гарнизоны бойынша бұл заң аясында 2 әскери қызметкер қылмыстық жауапкершіліктен босатылған.

Нұрлан Алпысов, Петропавл гарнизонының әскери прокуроры:
– Әскери қызметкер Құсмановқа қатысты ҚР ҚК -нің 325-бабының 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Оның жасаған қылмысы аса ауыр емес қылмысқа жатады. Сондықтан рақымшылық заңына ілікті. Оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.Әлі заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ гарнизон прокуратурасы жемқорлыққа қарсы күресті жалғастыруда. Өткен жылы бұл індетке қатысты 2 тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде мемлекет қазынасына 446 мың 385 теңге қаражат қайтарылыпты.

Инеш Шоқақова