Қоғам

Зейнетақы жүйесі жетілдіріледі

 

 

Еліміздегі қазіргі зейнетақы жинақтау жүйесі 1997 жылдан бастау алады. Осы реформалау жылдары ішінде жинақтаушы зейнетақы жүйесінің инфрақұрылымы жасалып дамытылды, оны басқару тәжірибесі жинақталды. Дегенмен еліміздегі қазіргі зейнетақы жүйесі жетілдіруді қажет етеді. Шешімін таппаған мәселелер жетерлік.

Ольга Цапова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ экономика кафедрасының меңгерушісі:
– 14 жыл ішінде зейнетақы жинақтау жүйесі қалыптасып, дамыды.
43 рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Дамудың оң өзгерістеріне қарамастан, зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің шешімі табылмаған тұстары баршылық. Мәселен, оның қаржылық тұрақтылығы, сенімділігі, шынайылығына және әлеуметтік тиімділігіне қатысты бірқатар жүйелі проблемалар бар. Осы мәселелерді шешу қажет.

Дөңгелек үстел басына жиналғандар зейнетақы қорларының жұмысын сөз етті. Қазір елімізде зейнетақы қызметі нарығында 11 қор бар. Зейнетақы қорлары салымшыларының саны 8 миллионға, ал салымдар көлемі 17 млрд долларға жетті. Осы күні зейнетақы қорларының жұмысы кенжелеп қалғандай. Кейбірі кірісін қай салаға саларын білмей дал. Демек, пайыздық өсім жоқ. Қазіргі зейнетақы жүйесіндегі бұл мәселелерге Елбасы биылғы Жолдауында үлкен көңіл бөлді. Үкіметке Ұлттық Банкпен бірлесіп шілде айына дейін зейнетақы жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Райхан Әбдірахманова, “Қазақстан халық банкінің жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ СҚОФ директоры:
-Тұрғындарды жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметімен қамтуды кеңейту, қорлардың инвестициялық қызметін және олардағы зейнетақы төлемдері тетігін жетілдіру, сондай-ақ зейнетақы аннуитеттері нарығын дамыту – қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесін жетілдірудің басты бағыты болып табылады.

Айту керек, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының аясында тұрғындарды жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамтуды кеңейту жоспарланып отыр. Аталмыш бағдарлама өз бетінше жұмыспен қамтылғандар, жұмыссыздар мен табысы аз азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге ғана емес, өз бетінше жұмыспен қамтылған адамдарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тартуға да бағытталған.

Айымгүл Әбілева