Балалар

Мектеп оқушылары өз құқықтарымен танысуда

 

 

«Сен және сенің құқығың» деген тақырыпта балалар құқығына арналған іс-шаралар 15-25 ақпан аралығында жалғасады. Алғашқылардың қатарында өз құқықтарын білуге қаланың «Болашақ» балабақшасы мен «Лорд» мектеп-лицейінің тәрбиеленушілері ниет танытқан.

Гүлия Ережепова, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы:
-Мұндай іс-шараның өткізілуі балалар үшін өте маңызды деп ойлаймын. Өйткені балалар өз құқықтарын білуі керек. Тағы да балалар бұл іс-шарада 1989 жылы 20 қарашада қабылданған конвенция туралы танып-біледі.

Бүлдіршіндерге заңды түсіндіру үшін «ақылды үкі» көмекке келді. Ертегі кейіпкері балаларға олардың өмір сүру, білім алу және дем алу құқығы бар екенін ұғындырды. Ал балалар өз кезегінде дайындап әкелген әндерін айтып, өлеңдерін оқыды. 1 сынып оқушысы Евгения Мандрыгина бүгінгі кешке өлең жаттап келген

Евгения Мандрыгина, дарынды балаларға мамандандырылған «Лорд» мектеп-лицейінің оқушысы:
– Біз бүгінгі шараға өз сыныбымызбен келдік. Мен өлең дайындап әкелдім, ал менің сыныптастырым «Менің құқығым» деген тақырыпта сурет салып әкелді.

Бүлдіршіндердің назарына ұсынылған слайдтық көрсетілімдер тақырыптың мәнін аша түсті. Сондай-ақ мұнда мектеп жасына дейінгі «Болашақ» балабақшасының тәрбиеленушілері де ән мен биден шашу шашты.

– Біз бүгін мұнда би дайындап әкелдік. Маған әсіресе ақылды үкі өте ұнады. Алдағы уақытта тағы келеміз деген ойдамын.
– Бүгін бәрі өте көңілді өтті. Сондықтан мұнда міндетті түрде келемін.

Республикалық онкүндік аясында Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында 24 ақпан күні жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізілмек.

Әспет Әбдірешова