Құқық қорғау органдары

Теміржолдағы заңбұзушылықтар

 
 
Өткен жылы нәтижелі жұмыс атқардық деп отыр көлік прокурорлары. 38 тексеріс жүргізіліп, 900-ден астам заңбұзушылық анықталыпты. Нәтижесінде 54 адам тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұған қоса қадағалаушы орган мамандары қолға алған шаралардың арқасында 19 млн теңгеден астам қаражат бюджетке өндірілген. Айту керек, көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету – көлік прокуратурасының құзырындағы басты міндеттің бірі. Өткен жылы темір жолда көлік оқиғасы орын алған жоқ дейді прокурорлар. Алайда жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері тіркелген. Азаматтардың құқығын қорғау бағытында өткен жылы айтарлықтай  жұмыс тындырылған. Жүргізілген тексерістер нәтижесінде көптеген заңбұзушылықтар анықталыпты. Мәселен, “Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы” заң талаптары бұзылған. Атап айтқанда, теміржол вокзалында жарымжан адамдардың жағдайы ескерілмеген. Арбаға таңылған адамдардың вагонға мініп-түсуі үшін қажет көтергіш қондырғылар қарастырылмапты. Мұнымен қатар жолаушылар поезында анықталған олқылықтар да жетіп артылады.

Нұрболат Қатуов, СҚО көлік прокуроры:
-Жолаушылар поезында жол жүру құжатынсыз жолаушылар тасымалдау, вагондарда өртке қарсы жүйенің жұмыс істемеуі, поездарда жолсеріктер тарапынан кезекшілік кестесін сақтамау сияқты заңбұзушылықтар анықталды. Қазіргі уақытта ұсыныс беріліп, кінәлі адамдар жауапкершілікке тартылды.

Мұнымен қатар көлік прокурорларының ұсынысы бойынша, санитарлық талаптарға жауап бермейтін 3 қоғамдық тамақтану орны жабылып, 11 жолаушы вагонын пайдалану тоқтатылған. Өткен жылы сыбайлас жемқорлықпен күреске де үлкен мән берілді дейді қадағалаушы орган мамандары. 4 факті тіркелген.

Нұрболат Қатуов, СҚО көлік прокуроры:
-Жеке тұлғаларға заңсыз жеңілдіктер жасалған. Көлік бақылау инспекциясының 2 қызметкері және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің екі қызметкері жемқорлыққа байланысты тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Азаматтардан түскен шағымдар да назардан тыс қалмаған. Өткен жылы 32 арыз-шағым түсіп, оның 15 бойынша тиісті шешім қабылданса, 17-сі өзге мекемелерге жіберілген. Заңды тұлғалардың шағымдары да қаралыпты.

Айымгүл Әбілева