Әр түрлі

Петропавлдағы Мәуліт тойы

 

 

Бүгінде қасиетті Мәуліт мерекесі еліміздің жер-жерінде тойлануда. Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі Мұхаммед Пайғамбарға мадақ пен салауат айтудан қызылжарлық мұсылман қауым да тыс қалмады.

Әбілхан Жәпішев, Қызылжар қалалық мешітінің бас имамы:
– Қазір барлық Қазақстан мен әлемнің бірқатар елдерінде, соның ішінде Қазақстанда 2000 жылдан бері үрдіс алып, тойланып келе жатқан осы Мәуліт мерекесі биылғы жылы ақпан айының төртінші жұлдызына сәйкес келіп отыр.Бүгін біздің қаламызда Қызылжар орталық мешіті мен Қызылжар қалалық мешіті біріге отырып, осы шараны атап өткізіп жатырмыз.

Алдымен жиылған жамиғат назарына Хазірет Мұхаммед Пайғамбарымыздың өмірі жайлы бейнекөрініс ұсынылды. Осы мерекеге арнайы келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, найб-мүфти, Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы солтүстікқазақстандық мұсылмандарды айтулы мерекемен құттықтады.

Қайрат Жолдыбайұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, найб-мүфти
-Екі дүниенің сардары, Пайғамбарлардың сұлтаны Мұхаммед Мұстафаұлының (с.ғ.с.) Мәуліт айы мүбәрәк, берекелі болсын. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Әбсаттар қажы Дербісәлінің сіздерге жолдаған сәлемін қабыл алыңыздар.

Мәуліт мерекесін мұсылман қауым бір ай бойы тойлайды. Соңғы жылдары көршілес Омбы дінбасылары Петропавл қаласына келіп, Мәуліт тойлауды жақсы үрдіске айналдырған.

Бота қажы Бакулин, Омбы облысының бас имамы:
– Мәуліт мерекесі Пайғамбарымызды қадірлеу, бұл дініміздің өсуіне, өркендеуіне өте үлкен үлес. Өйткені халықтың бәрі біле бермейді. Пайғамбар кім, не үшін, неге біз қадірлейміз, сондықтан ислам дініміздің өсіп-өркендеуіне, жастарға жетуіне шараларды өткізіп, осы Мәуліт айларында мешіттерде пайғамбарымыздың өмірбаяны жайлы айту біздің міндет.

Кеш бойы Мұхаммед Пайғамбарға түрлі мадақтар айтылып, салауат әндер орындалды. Сондай-ақ діни уағыздар мен термелердің бәрі Мәуліт мерекесінің мәнін аша түсті.

Әспет Әбдірешова