Аптадағы маңызды жаңалықтар

Лесной ауылдық округі әкімінің есебі

 

 

 

Қызылжар ауданына қарасты Лесной ауылдық округінде 1089 адам 403 үй түтін түтетіп жатыр. Ауылдықтардың негізгі бөлігі төрт түлікті бағып-күтіп,  үй шаруашылығын жақсы жолға қойып алыпты. Өткен жылы ауылшаруашылық жәрменкелерінде 1 млн. 127 мың теңгенің өнімдерін саудалаған. Кәсібі бардың нәсібі бар дегендей,  өзгелері де қол қусырып отырған жоқ. Еңбекке жарамды ауылдықтардың тек 1 пайызы ғана   жұмыссыз жүрген көрінеді.

 Ақнұр Бауытбаева, Глубокое ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Несие алып, мал шаруашылығын дамытып жатырмын. Отын-шөп бар. Балаларым сапалы білім алуда. Жұмыс бар. Тек еңбектену керек.  

Округтегі екі ауылда да инфроқұрылым жақсарып келеді. Көшелері жарықтандырылып,  әр үйге телефон желісі тартылған. Ең бастысы  таза ауыз су жөнінен қам жемейді тұрғындар. Балалар мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтылған. Тұрмысы төмен отбасылар мен жалғыз басты аға буын өкілдеріне әлеуметтік жәрдем жасалып тұрады. Әр елді мекенде кітапхана мен мәдениет үйі  жұмыс істеп тұр. Есептік кездесуде осы тектес жетістіктерін тізген Қызылжар ауданының Лесное ауылдық округінің әкімі Абылай Жақыпов тұрғындарға биыл атқарылатын тың істерді баяндап берді.

 Абылай Жақыпов, Қызылжар ауданының Лесной ауылдық округінің әкімі:
– 2012-2014 жылдарға арналған бағдарлама аясында су әр орамға тартылатын болады. Сметалық жоба қолымызда. Тіпті ол үшін республикалық қазынадан ақша да бөлінді. Биыл жарық жетпеген шеткі көшелерге шам орнатылады. Мәдениет үйі жөнделеді.  

Сондықтан болар көйлегі көк, тамағы тоқ ауылдықтар кездесуден кейін шағымдарын айта қоймады. Керісінше, бүгінгі өмірлеріне шүкіршілік етіп, жасалып жатқан игі істерге алғыстарын жаудырып жатты. Оларды тек екі күрмеулі мәселе алаңдатады. Аблай Жақыпов олардың шешімі көп күттірмейтінін жеткізді. Біріншіден, округтегі жалғыз денсаулық сақтау мекемесінің бүгінгі күйі алаңдатады. Дәрігерлік амбулаторияның ғимараты әбден тозған, жөндеуге келмейді. Мұнда 1 ай бұрын «Дипломмен –ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жас фельдшер  Антон Суровцев келіпті.

 Антон Суровцев, Глубокое аулының фельдшері Қызылжар ауданы :
– Жұмысым өзіме ұнайды.
Ауылда ақ халатты абзал жандар тапшы. Сондықтан осында келдім. Алдағы уақытта жаңа амбулатория қарастырылса жақсы болар еді. Бұл мәселе жуық арада шешіледі деп сендірді.  

Облыс, аудан орталығына жолаушылар тасымалдайтын тура бағыттық көліктің жоқтығы да қиындық тудыруда. Өзге округтерден қатынайтын автобустарда көбіне орын болмайтын көрінеді. Жергілікті басшы шағын қоғамдық көліктер үлкен автобусқа алмастырылатынын айтып қуантты.  Осылайша ауылдықтарды мазалаған әр мәселе назардан тыс қалмайтынға ұқсайды.

Жеңіс Ермұқанов