Ауыл шаруашылығы

Ленин ауылдық округі әкімінің есебі

 

 

«Ауылым – алтын бесігім» –  Дайындық елді мекенінің кіре берісінде жазылған бұл қағида мәнінің орындылығын тұрғындары жақсы біледі. 75-ке келген Мақсұт Бейсенбаев саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы техникасының рөлінде өткізіпті. Жары Қаназиямен отасқан 55 жылдың ішінде 6 ұлын ұяға қондырып ,7 немере, бір шөбере сүйіпті. Еңбек ардагерлері ұмыт қалмай, кейінгі ұрпақтың құрметіне бөленіп отыр. Өмірдің бейнеті мен зейнетін ауылдықтармен бірге татқан қариялардың үйлері тозып еді, тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай олар жаңа баспананың кілтін алды. 2 млн. 200 мың теңге жұмсалып, заман талабына сай салынған 90 шаршы метрлік үйдің бар шығынын мұндағы “Дайындық” ЖШС директоры өз мойнына алыпты.

Қаназия Бейсенбаева:
– Пенсия уақытында беріледі. Балаларымыз бен немерелеріміз жақсы білім алады. Мал ұстайтын жағдайымыз бар. Үй салып берді. Ауылдың өмірі жақсы.  

Жалпы былтыр мұнда осындай 5 үйде қоныс тойы өткізіліпті. Енді елді мекенде түтінін түтеткен аулалар 54-ке жетті. Үстіміздегі жылы тағы 4 үй көтеру жоспарда бар. «Ауылдың гүлденуі- Қазақстанның гүлденуі» абаттандыру бағдарламасының аясында өткізілген акцияның қорытындысы бойынша Дайындық ауылы аудандағы   38 селоның ішінде ең тазасы болып танылды. Көшелері жарықтандырылып, әр үй телефон желісіне қосылған. Ең бастысы таза ауыз су жөнінде қам желінбейді. Биыл тіршілік көзін әр орамға тарту межеленген. Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жұмыссыздар саны екі есе азайтылып, бүгінде  1 пайыздан аспайды екен. Ауыл шаруашылығы жақсы жолға қойылған. Қоғамдық монша, кітапхана, мешіт, дәрігерлік амбулатория сынды әлеуметтік нысандар халық игілігінде. Биыл да ауылдықтардың өмірін жақсарту мақсатында қыруар шаруа атқарылмақ.

Қайрат Бабақов, Аққайың ауданы Ленин ауылдық округінің әкімі:
– Біз алдымызға мынандай міндеттер қоямыз. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, Жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрмыстық қызмет көрсету бекеттерін ашу, қосалқы шаруашылықтарды көбейту бойынша жұмыстар жүргізу.  

Өткен жылғы есептік кездесуде ауылдықтар көтерген 4 мәселе уақыт күттірмей шешімін тауыпты.

Қайрат Бабақов, Аққайың ауданы Ленин ауылдық округінің әкімі:
– Жол грейдермен тегістелді. Бір тұрғынның құжаттарын рәсімдеуге көмектестік. Мектепке компьютер алынды.  

Кезекті есептік жиында тұрғындар тарапынан былтыр қозғалған бағыттық жолаушылар тасымалы көлігінің қатынауы әлі өзекті болып тұрғандығы сөз болды.

 Қайрат Бабақов, Аққайың ауданы Ленин ауылдық округінің әкімі:
– Біз «Петропавл НОРД» кәсіпкерлігімен келісім жасаған болатынбыз, бірақ жолаушылар болмады. Сондықтан автобустық бағыт тоқтатылды. Биыл сұрауларыңыз бойынша қайта қосамыз. Тек аптасына бір рет.  

Дайындық ауылының тұрғындарын сондай-ақ, негізгі мектеп ғимаратының әбден тозғаны алаңдатады.

-Мектеп 67 жылы салынған. 2001 жылы күрделі жөндеу жасалды. Спорт залы жоқ. Оқушылар толық. Көшіп келіп жатқандар да бар. Сондықтан жаңа мектеп салынса дейміз.  
-Шынымен көшіп кеткендер жоқ, қоныстанушылар көп. Бүл мәселені мен шешпеймін Жоғарыдағыларға ұсыныс жасаймын.  

Білім ошағында маман тапшылығы сезілмейді. 12 ұстаздың бәрі жоғары білімді. Оның үшеуі «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен келген жас маман. СҚМУ-де орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерген Талғат Қарабаев еңбек жолын Дайындық ауылындағы мектептен бастауды ұйғарыпты.

Талғат Қарабаев, орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі:
– Келгенімде көтермеақы алдым. Қазір несиеге баспана алуды ойлап отырмын. Мұндағы жұмысым ұнайды. Ауылдағы жастардың білімін көтеруге үлес қосқым келеді.  

Ауылда мектепке дейінгі тәрбие беру жағы да жақсы жолға қойылған. 9 сыныптық білім ошағының жанында ашылған шағын орталық мұндағы бүлдіршіндерді жүз пайыз қамтуға жеткілікті. Егеменді елдің үшінші он жылдығын осындай табыстармен қарсы алып отырған дайындықтықтар туған ауылдарын гүлдендіре түсуге қашанда дайын екендіктерін танытты.

Жеңіс Ермұқанов