Спорт

Еркін күрестен облыс біріншілігі

 

 

Алғашқы болып боз кілемге 13 -14 жас аралығындағы палуандар шықты. Санат Қайыргелдиннің еркін күреспен айналысқанына 2 жыл болыпты. Уәлиханов ауданының палуаны республикалық жарыстардың , Көкшетау қаласында өткен Қазымбетов турнирінің жүлдегері. Қазіргі уақытта Қарағанды қаласында өтетін республикалық додаға дайындық үстінде. Бүгінгі жарыста спортшы алғашқы кезеңнен-ақ қарсыласының жамбасын жер иіскетті.

 Санат Қайыргелдин, жарысқа қатысушы:
– Күресуге өте қиын болды, бірақ мен чемпион болуға тырысамын.

Жарысқа облыстың барлық аудандарынан және қалалық спорт мектептерінен жасақталған 12 команда қатысты. Ұлдар – 13, қыздар  9 салмақ дәрежесінде екі боз кілемде күш сынаспақ. Бұл бәсеке арқылы ауыл жастарының спортқа деген ынтасын арттыруды көздеп отырмыз дейді ұйымдастырушылар.

Жанат Елеусізов, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерімен жұмыс жөніндегі оқу-әдістемелік орталығының директоры:
– Жасөспірімдер арасында Қазақстан біріншілігі өтті, Өскемен қаласында. Сонда қыздар арасында СҚО спортшылары 3 алтын, 1 күміс, 2 қола медальға қол жеткізді. Бұл үлкен жетістік.

Өңірде еркін күресті дамыту жолға қойылған. Әсіресе қыздар арасында бұл жұмыс өзінің жемісін беріп жатыр. Биыл аталмыш жекпе-жекпен айналысамын дегендерге жаңаша талаптар қойылған.

Жанат Елеусізов, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерімен жұмыс жөніндегі оқу-әдістемелік орталығының директоры:
– Бұл жарыста біз Қазақстан біріншілігі 42 салмақтан басталса, біз 29 кг салмақтан палуандарды, жас палуандарды іріктеп, олардың арасында жақсы деген палуандарды осы мектепте, дарынды балаларға арналған спорт мектептеріне түсіріп,  шеберліктерін жетілдіруге өз үлес қоспақпыз.

Жарыс қорытындысы бойынша ұлдар арасында 1 орынды Мамлют ауданы жеңіп алса, екінші орында -күрестен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, үшінші орында – Тайынша ауданының құрамасы. Ал қыздар арасында алтынды Айыртау ауданы еншілеп, күміс жүлде М.Жұмабаев ауданына бұйырды. Қызылжар ауданы қанжығасына қола алқаны байлады. Аталмыш додада жеңіс тұғырынан көрінген палуандар облыс құрамасына алынып, ақпан айының соңында Шымкент қаласында өтетін республикалық бәсекеде өңір намысын қорғамақ.