Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы техникасы өндірісінің көлемі арта түседі

 

 

Ауыл шаруашылығы техникасы зауыты өндіріске қажетті түрлі бөлшектер шығарады.  Бір цехта ауыл шаруашылығы техникасы, мұнай-газ қондырғылары, теміржол вагондары үшін қажетті бөлшектердің ең алдымен  қалыбы  жасалады. Бұл жерде өндіріс жартылай автоматтандырылған. Жаңа қондырғы өткен жылы орнатылыпты. Кейін пенопласт қалыптар құю цехына жөнелтіледі. Бұл жерде бөлшектер болаттан, шойыннан, алюминийден құйылып, өңделіп, толық дайын болады. Өткен жылы бұл цехқа да жаңа қондырғы қойылған. Жаңа жабдықтың тиімділігі зор дейді зауыт мамандары.

Илья Филимонов, “Ауыл шаруашылығы техникасы зауыты” ЖШС технологы:
-Жаңа қондырғының артықшылығы айтарлықтай. Біріншіден технологиялық процесс 4 есе жеделдетілген. Бұрын бөлшектерді құю үшін бір сағаттан артық уақыт кетсе, қазір 15-30 минутта дайын болады. Мұнымен қатар химиялық заттар аз бөлінеді. Әрі қалдықсыз өндіріс.  

Сөйтіп, зауыт басшылығы қондырғыларды жаңғыртуға үлкен көңіл бөліп отыр. Өткен жылы жаңа жабдықтар сатып алуға 20 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Бұл жұмыс алдағы уақытта жалғасын таппақ. Жаңа өнім шығару да жоспарда бар. Бүгінгі күні кәсіпорында 7-8 өнім түрі әзірленеді. Өндіріс орны  ЗИКСТО, Петропавл ауыр машина жасау зауыты, көп салалы жабдықтар зауыты, “Поиск” және “Прометей” кәсіпорындарымен әріптестік орнатқан.

  Ерік Аитов, “Ауыл шаруашылығы техникасы зауыты” ЖШС директоры:
-Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен тығыз қарым-қатынастамыз. Техникаларға бөлшектер әзірлейміз. 2001-2010 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы техникасы үшін дестелегіштер шығардық. 1000 -нан астам дана жасалды. Қазіргі күні зауытта дестелегіштер қалпына келтіріледі.

Өткен жылы зауытта 120 млн. теңгенің өнімі шығарылған. Енді кәсіпорындағылар алдағы уақытта өндіріс көлемін арттыруды көздеп отыр. Бұл үшін өндірісті модернизациялап, жаңа серіктестер табу жоспарда бар.

Айымгүл Әбілева